«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жамбыл облысының кәсіпкерлері бизнес-омбудсменге көкейтесті мәселелерін жеткізді

2022 жылғы 14 Қараша
- Жамбыл облысы
6358 просмотров

Таразға жұмыс сапарымен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов және «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров келді.

Өңір кәсіпкерлері бизнес-омбудсменге тікелей жүгініп, жүйелі проблемалық мәселелері мен бұзылған құқықтары жөнінде айтты.

Атап айтқанда, «Белдерсай» шаруа қожалығының басшысы Нұридин Есенқұлов 10 жыл мерзімге берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің 5,85 га жалпы ауданынан «ауданы 0,7227 га балық шаруашылығы құрылыстарын жүргізу және оларға қызмет көрсету үшін» жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесіне қатысты жүгінді. Бұл мәселе 2021 жылы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесте қаралған болатын.

Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесі Жамбыл облысы әкімінің 19.10.2022 жылғы Кәсіпкерлермен кездесу форумында да айтылды. Жер қатынастары басқармасының басшысына тапсырма берілді. Алайда, мәселе әлі шешілген жоқ.

«Заңда халықтың келісімін, рұқсатын алу қажет деген талап бар ма? - Заңда мұндай талап жоқ. Жамбыл ауданының жер қатынастары бөлімі қолданыстағы нормаларды негізсіз бұза отырып, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартып отыр», – деді Ербол Үстеміров.

Рустам Жүрсінов Өңірлік кәсіпкерлер палатасына осы мәселені бақылауға алуды тапсырды.

«Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы» ЗТБ Жамбыл филиалының төрағасы Эльнура Құрманалиева 2021 жылдың қараша айының ортасынан бастап білім басқармасы жеке мектепке дейінгі білім беруде (балабақшаларда) 1 жастан 2 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер мен білім алушыларды қаржыландыру уақытша тоқтатылғанын айтты.

«2022 жылды Мемлекет басшысы балалар жылы деп жариялағанын естеріңізге сала кетсем.  Жеке және мемлекеттік балабақшалар арасында алалау болмауы керек деп санаймын. Мен бұл мәселе жөнінде оқу-ағарту  министріне хабарлаймын», – деді бизнес-омбудсмен.

Жеке кәсіпкер Индира Маханова жергілікті халықтың кәсіпкерлік қызметке араласуына байланысты жүгінді.

«Аукционда кәсіпкер «антенна-діңгек жабдығын орнату үшін» нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алды. Бүгінгі таңда биіктігі 20-25 метр антенна-діңгек жабдығы «Аса» шағынауданында орналасқан №29 және №35 үй мен екі тротуардың ортасына орнатылды. ЖК-де барлық рұқсат құжаттары бар. Алайда, ЖК-дің антенна-діңгек жабдығын орнатуға және бөгде адамдар онда кірмеуі үшін ол жерді қоршауға мүмкіндігі жоқ. «Аса» (10) шағынауданының іргелес үйлерінің тұрғындары антенна-діңгек жабдығы функциясын жүзеге асыруға үзілді-кесілді қарсы, олар ұялы жабдық денсаулыққа зиян деген негізсіз ақпаратты алға тартады және жабдық құлаған жағдайда жоғарыда аталған көппәтерлі тұрғын үйлерге зиян келтіруі мүмкін», – дейді.

Тұрғындармен туындаған мәселе бойынша әкімнің орынбасарына, жер қатынастары басқармасына және облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасына шешу жолдарын қарау туралы хаттамалық тапсырма берілген.

Рустам Жүрсінов өз кезегінде үш мүдде бар екенін атап өтті: мемлекет, бизнес және халықтың мүддесі. Тұрғындармен кездесіп, ымыраға келу керек, диалог қажет дейді ол.

Облыстың барлық аудандарында жайылымдық алқаптардың жетіспеуіне байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын өсірумен айналысатын АӨК саласындағы бизнес субъектілерінде бірдей проблема бар – орман қорының жер учаскелерін коммуналдық меншікке қайтару, сондай-ақ инвестициялық субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкін емес мәселесі.  Бұл туралы «Жадыра» шаруа қожалығының басшысы Гүлнара Дәулетбаева айтты. 

Орман қорының жерлерін орман шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттар үшін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру мәселесін ҚР Үкіметі жүзеге асыратынын және бұл оңай шаруа емес екенін бәрі түсінеді.

«Бірақ орман қоры жерлерінде мал жаятын мал өсірушілер не істеуі керек, кәсіпкерлерге жерді Орман кодексі шеңберінде берген», – дейді кәсіпкер.

 

«Біз апта сайын вице-премьер Ерлан Жамаубаевпен кездесеміз, кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін айтамыз, бұл мәселені де кездесуде көтереміз. ӨКП-нан облыс бойынша статистиканы ұсынуды сұраймын», – деді Ербол Өстеміров.

«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-нің директоры Рашид Пірманов тасымалдаушылардың қала ішіндегі маршруттарын субсидиялау мәселесі туралы айтты.

«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС 2004 жылдан бастап жолаушыларды тасымалдау қызметімен айналысады, кәсіпорында барлығы 240 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 170 жүргізуші бар. Баланста 150 автобус бар, оның ішінде күн сайын жолаушыларды тасымалдау бойынша рейстерге 130 автобус шығарылады. Автобустар мен жүргізушілердің жетіспеушілігіне байланысты 16 бағыт бойынша қызмет көрсетілмейді.

2020 жылдың соңына дейін, яғни электрондық билеттеуді енгізілгенге дейін тасымалдаушылар субсидиялаудың тиісті сомаларын ала алмады, өйткені ЖАО-да тасымалдау қызметтерінен түсетін сома дәл көрсетілмейді деген ойда болған еді. Тамыз айында 86 млн. теңге субсидия төлеу көзделген болатын, бүгінде оның тек 40 млн. теңгесі аударылды.

Бүгінгі таңда электронды билет арқылы кассаға нақты қандай қаражат түсетіні ашық көрінеді. Бірақ ЖАО қыркүйек пен қазан айларында төленуі тиіс субсидия сомасын әлі бекіткен жоқ.

«Автобус тасымалына келетін болсақ, бұл сала бүгінде өте қиын жағдайда.  Субсидиялау өңірлер бойынша біркелкі бөлінбейтініне қатысты сіздермен келісемін, кейбір өңірлерде субсидия тіпті қарастырылмаған. Елімізде қоғамдық көлік жүргізушілерінің жетіспейтіні рас. Бұл мәселені бүгін әкіммен кездескенде міндетті түрде көтеремін. Бұл өте маңызды мәселе», – деді Рустам Жүрсінов.

Кездесуде сондай-ақ контрафактілік өнімді өткізу және сатушыларға (бұзушыларға) шара қолдану мүмкін еместігі, «АВМ Элит» ЖШС лауазымды тұлғалары А.Д. Айнабеков, М.М. Гаинулаевқа қатысты қудалауды тоқтатуға жәрдемдесу, сыртқы жарнама мәселелері көтерілді.

Жеке қабылдау барысында кәсіпкерлердің айтқан мәселелер бизнес-омбудсменнің жеке бақылауына алынды. Ол барлық мәселелерді облыс әкімімен және облыс прокурорымен кездескен кезде ортаға салды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер