«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палатада салық заңнамасына өзгертулер талқыланды

2022 жылғы 14 Қараша
6684 просмотров

«Атамекен» ҰКП 2030 жылға дейінгі салық саясаты тұжырымдамасының жобасы және ҚР Салық кодесі жобасына ұсыныстар дайындау бойынша жұмысты бастап кетті. Жаңа салық кодексін дайындау және ондағы күрделі блок – салық әкімшілендіруді толығымен жаңарту мәселесі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылып жатыр.   

 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 300-ден аса адамнан тұратын арнайы жұмыс тобын құрды. Атап айтқанда, бизнес-қоғамдастық өкілдері, адвокаттар, тәуелсіз сарапшылар осы жұмысқа атсалысады. Олардан 160-тан астам ұсыныс қабылданып, жинақталды. Бұл ұсыныстар сессиялар барысында қаралатын болады.

Топтың жұмысы екі бағыт: ұсыныстарды жинау және оларды салық кодексінің тұжырымдамасын талқылау, сондай-ақ салық кодексінің өзіне тікелей ұсыныстар беру бойынша жүргізіледі.

«Тұжырымдамада клиентке бағдарланған салықтық әкімшілендіру, оңайлату мақсатында салықтық әкімшілендіру рәсімдерін цифрландыруды дамытуды қарастыру керек деп санаймыз», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП салық салу департаментінің директоры Жеңіс Жанболатова.

 Жұмыс тобының алғашқы отырысында жалпы мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, салықты есептеу тәртібін оңайлату, салық органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту, салық жүктемесінің шекті нормасын белгілеу, салық салудың негізділігі қағидатын бекіту қаралды.

 «Салықтық тексерудің негізгі қосымша есептеулері салық төлеуші салықты дұрыс есептемегендіктен емес, төлеуші мен салық органдары заңнаманың бірдей нормаларын әр түрлі түсініп, түрлі шара қолдануы салдарынан болатынын тәжірибе көрсетті. Бұған жол бермеу үшін, менің ойымша, әркім өз саласы бойынша барлық қолданыстағы норманы зерделеп, ешқандай келіспеушілік болмайтындай етіп жасауға тырысуы керек», – деп атап өтті KAZENERGY қауымдастығының директоры Алмаз Ибраев салықтарды есептеу тәртібін оңайлату туралы өз сөзінде.

Жұмыс тобының жиыны күн сайын өтеді. Онда корпоративтік және жеке табыс салығы, қосылған құн салығы, жер қойнауын пайдаланушылар мен қаржы секторына салық салу, салықтық әкімшілендіру мәселелері талқыланатыны жоспарланған. 

 «Қатысушылардан жұмысқа белсенділік танытуды сұраймыз. Өйткені әркімнің атсалысуы  арқылы салық заңнамасына өзгерістер жасауға мүмкіндік болады. Сіздер болмасаңыз, өзгеріс енгізу екіталай», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

Жұмыс тобы жаңа Салық кодексінің жобасына өз ұсыныстарын Ұлттық экономика министрлігіне 30 қарашаға дейінгі мерзімде ұсынады. Жұмыс тобы Салық кодексінің редакциясын талқылауды желтоқсанда бастайды.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер