«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында жеке клиникалардың мәселелері талқыланды

2022 жылғы 07 Қараша
- Шымкент қаласы
10920 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанындағы денсаулық сақтау комитетінің жиынында жеке медициналық ұйымдардың басшылары жұмыста кездесетін проблемаларды атап өтті. Кәсіпкерлер тексерулердің жиі жүргізілуі – ең үлкен әкімшілік кедергі деп атады.

 «Түрлі тексеру көп. Кез келген өлім жағдайы немесе суицид – түрлі комиссияның тексеруінен өтеді. Ал Кәсіпкерлік кодекске сәйкес бізді бақылау-қадағалау органы ғана тексере алады. Бұл ретте егер тексеру актісі прокуратура органдарында тіркелген болса ғана тексеру тағайындалады. Бізде бәрі керісінше, денсаулық сақтау басқармасы кез-келген бұйрық шығара салады, нәтижесінде мониторингтік топтар шексіз тескеруді бастайды: Мұның бәрі заңнаманы бұзады. Мұндай тексерулер заңсыз», – деп шағымданды медициналық қызмет көрсететін кәсіпкерлер.

 Сондай-ақ, жеке медициналық ұйымдардың мемлекеттік тапсырысқа тең емес қолжетімділігі туралы мәселе көтерілді. Осы уақытқа дейін мемлекеттік ұйымдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне басым құқыққа ие, ал жеке ұйымдар қалдық қағидаты бойынша жұмыс істейді.

 «Өңірлік перспеткивалық жоспар – жеке медициналық ұйымдардың тағдырын шешетін тылсым құжат. Бұл құжатқа медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының базасына кіру үшін қосады. Осылайша медициналық ұйымдар мемлекеттік тапсырысқа қатысуға мүмкіндік алады. Дегенмен, мұнда мүлде ашықтық жоқ. Бізге қатысты қандай шешім қабылданғанын әкімнің қаулысынан кейін білеміз. Біз өз клиникаларымызды ашқан кезде алдымызға әлеуметтік мақсат қойдық – мемлекеттік емханалардың жүктемесін азайту және пациенттердің тұрғылықты жері бойынша қадамдық қолжетімділігін арттыруды қаладық. Бірақ бүгінде бір жеке клиникадан лоббизм арқылы пациенттер басқа жеке клиникаға берілетін жағдайлар бар», – деді «№14 Емдеу орталығы» ЖШС директорының орынбасары Дулат Тұрманов.

 Мемлекеттік тапсырыстың артуына қатысты мәселені басқа қатысушылар да көтерді.

 «Алинұр и К» ЖШС директоры Максим Тимошенконың айтуынша, бизнес-сектор әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша да қызмет көрсетуге дайын. Алайда, қызметтің бұл түрлері тек мемлекеттік клиникалардың қызмет саласы болып қалып отыр.

 «Қалада перзентханаларда төсек-орын саны жеткіліксіз, перзентханаларға түсетін жүктеме үлкен, сондай-ақ ана мен бала өлімі жоғары. Шымкент қаласында жеке киникаларда неге перзентхана бөлімдері жоқ? Босандыру қызметін неге бізге тапсырмайды? Өйткені, қажетті материалдық-техникалық базасы, мамандары мен ресурстары, барлық рұқсат құжаттары бар клиникалар жетерлік. Бірақ жергілікті жерде оларды ашуға мүмкіндік бермейтін шенеуніктер бар. Көптеген жеке құрылым осы сегментке кіруге дайын. Сол онкология, психикалық ауруларды да емдей аламыз. Жеке медициналық зертханалар АИТВ-инфекциясына клиникалық зерттеулер жүргізе алмайды. Әрбір мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесінде осындай ақылы қызметтер бар. Сол онкодиспансерде ақылы палаталар бар. Яғни, мемлекет ақылы қызмет көрсете алады, ал жеке меншік иелері қызмет көрсете алмайды ма?», – деді Тимошенко.

 Жиында жеке клинакалар қызметіне тарифтер мәселесі де көтерілді. қатысушылардың пікірінше, тарифтер тым төмен.

 «Қызметтердің өзіндік құнына да ақталмайды. Жеке медициналық мекемелерде бағаға шығынның бәрі жатқызылады, ал мемлекеттік медициналық ұйымдарда экономикалық артықшылық бар: ақылы қызметтердің құнына негізгі құралдардың құны, оларды күтіп-ұстау шығындары, қызмет көрсетуші персоналға арналған шығындар кірмейді, бұл медициналық қызмет құнының шығын бөлігінің төмендеуіне әкеледі. Мемлекеттік медициналық ұйымдар қаржыландыруы ТМККК шеңберінде жүзеге асырылатын жабдықтар, шығыс материалдары, уақыт пен еңбек ресурстарын пайдалана отырып, ақылы қызметтер көрсетеді. Қатысушылар нарықтық қаржыландыру көздерінен шығыстардың барлық бабын жабады. Бірақ жеке клиникалар – алға ілгерілеу және даму үшін ақша табуы керек бизнес субъекті. Әрине, инвестор салынған инвестицияны қайтаруы керек», – деп атап өтті Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Бекайдар Нұрмашев.

 Спикер көп жағдайда жеке медициналық ұйымдар мемлекеттік органдарға проблемаларын жеткізе алмайтынын атап өтті. Осы мақсатта комитет құрылды. Алдағы уақытта отырыстарға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар да шақырылатын болады.

Жалпы, кездесуге қатысушылардың талап-тілегі: жеке денсаулық мемлекеттік қолдауды күтпейді әрі қажет етпейді, тек олардың дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді алып тастауды сұрайды.

 «Жеке медициналық қызмет – денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі, халықтың сапалы медициналық қызмет алу мүмкіндікгін жоғарылататын сектор.

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жеке медицинаның белсенді дамуы жалпы денсаулық сақтауды жаңғырту процестеріне пайдалы әсер етеді. Алайда, бұл бір шартты қатаң сақтаған жағдайда ғана мүмкін болады: мемлекеттік органдармен белсенді диалог керек. Өйткені бұл шара ресурстарды пациенттердің игілігі үшін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бекайдар Нұрмашев.

Шымкент ӨКП директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев өз кезегінде барлық айтылған проблемалар Мәселелер тізіліміне енгізілетінін және денсаулық сақтау министрлігіне дейін әр түрлі деңгейде ілгерілейтінін атап өтті.


 

Еншілес ұйымдар

Серіктестер