ҰКП Тексеру комиссиясының жылдық есебі баяндалды
ҰКП Тексеру комиссия өткен жылы 29 нысанды тексерді. Нәтижесінде қаржылық тәртіп бұзушылықтар 18 бақылау нысанында анықталды, жалпы сомасы 809 млн 495 мың теңге болды. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезінде комиссия төрағасы Нұрлан Құдайбергенов мәлімдеді.
«Жалпы 17 млрд 318 млн теңгенің жұмсалуы тексерілді. Қаржылық тәртіп бұзушылықтар 18 бақылау нысанында анықталды, жалпы сомасы 809 млн 495 мың теңгені құрайды. Бұзушылықтың көп үлесі (77 пайыз құрайды) «Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС-нда тіркелді. Уақытша қаржылай көмектің келісім шартта көрсетілген уақытта қайтарылмауы және бақылау сәтінде шарттың мерзімі ұзартылмағаны белгілі болды», – деді Нұрлан Құдайбергенов.
Сонымен қатар, комиссия төрағасы бұзушылықтар анықталған нысандарды атады. Олардың ішінде «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы» ЖШС бар. Оның басшысы еңбек заңнамасын бұза отырып, негізсіз 1 млн 950 мың теңге жалақы алған.
«Осы ұйымның директоры Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасына директордың міндетін атқару лауазымына тағайындалғанда еңбек заңнамасын бұза отырып, бұрынғы қызметін қосымша атқарып еңбек ақысын толық жұмыс күніне үш ай бойы алған, соның себебінен оған микроқаржы ұйымы негізсіз 1 млн 950 мың теңге төлеген», – деді комиссия төрағасы.
Сондай-ақ, ревизор Ұлттық кәсіпкерлер палатасының еншілес және тәуелді ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қағидасын бұза отырып, қызметкерге 223 мың 700 теңге артық төленгенін мәлімдеді.
Нұрлан Құдайбергенов «Атамекен» палатасының орталық аппаратының ревизиясына да тоқталды. Палатаның орталық аппараты 2020 жылы еншілес ұйымдарға жасалған шарттарға сәйкес, жалпы сомасы 470 млн 198 мың теңгеге жедел және өтеусіз қаржылық көмек берілді. Сол қаржыдан аталған жылы тек ғана 31 млн 547 теңге қайтарылды, ал 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша берешектің жалпы сомасы 1 млрд 516 млн теңгені құрады. Келісім шарттардың қайтару мерзімі создырылған.
«Халықты жұмыспен қамтудың ұтқыр орталықтарының қызметін қамтамасыз ету» мемлекеттік тапсырмасын орындау барысында психологиялық тестілеу бойынша қызмет көрсету үшін 4 млн 762 мың теңге сомасына «Қазақстан психологтар одағы» қоғамдық ұйымы тартылды, содан кейін №1 қосымша келісіммен шарт сомасы негізсіз 9 млн 930 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ретте «бөгде ұйымдарды тарту» ерекшелігі бойынша бюджеттік өтінімде осы қызметтерге шығыстар көзделмеген, яғни көрсетілген қаражат мақсатсыз жұмсалған», – деп атап өтті ол.
Төраға басқа тексеру нысандарда маңызды бұзушылықтар анықталмағанын айтып, Тексеру комиссиясы бақылау жұмыстарың нәтижесі бойынша шешімдерін «Атамекен» ҰКП басқармасына шара қолдануға жолдайтынын жеткізді.
«Жұмыс барысында анықталған бұзушылықтардың көпшілігі жойылды, ал еншілес және тәуелді ұйымдардың қаржылық қарыздарын азайту шаралары жұмыс барысында атқарылып жатыр. Тексеру комиссия 2021 жылға жоспарланған жұмыстарды толық көлемде орындады», – деді Нұрлан Құдайбергенов.
Есепті тапсырған Тексеру комиссиясының төрағасы Нұрлан Құдайбергенов уәкілеттігін тоқтату туралы өтініш білдірді. Содан кейін Тексеру комиссиясының жаңа құрамын сайлау ұсынылды. Делегаттардың шешімімен, Тексеру комиссиясының төрағасы болып Сәрсенбай Нұрлан Алдабергенұлы тағайындалды. Тексеру комиссиясының мүшелері Гүлмира Бекболатқызы Сақыпова, Гүлсана Әйтенқызы Смайылова, сондай-ақ бұрынғы құрамнан Асқар Алданиязұлы Ерғалауов, Артықбай Оразбайұлы Мұсақұлов болып бекітілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: