«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды». Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерін құттықтады

2022 жылғы 04 Қараша
13552 просмотров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезіне орай бизнес өкілдеріне үндеу жолдады. Президент Қазақстанда шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән берілетінін айтып, Кәсіпкерлер палатасының отандық бизнестің бәсекелік қабілетін арттырудағы маңызына тоқталды. Ел басшысының құттықтауын съезде премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев оқып берді.

Президент өнеркәсіп саласында, экономикада өзгерістер жасау және елімізді дамыту жолында жауапты әрі мықты кәсіпкерлер қауымы басты рөл атқаратынын атап өтті.

«Құрметті съезге қатысушылар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезінің ашылуымен құттықтаймын. Отандық бизнес еліміздің экономикасын өркендетуге айрықша ықпал етеді. Біз нарықтық экономика құрып жатырмыз. Сол себепті өнеркәсіп саласында, экономикада өзгерістер жасау және елімізді дамыту жолында жауапты әрі мықты кәсіпкерлер қауымы басты рөл атқарады. Қазақстанда шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән беріледі», – делінген Президенттің құттықтауында.

Мемлекет басшысы соңғы он жылда осы саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есе өсіп, 34 процентке жеткенін атап өттті. Бүгінде бизнесте 3,5 миллионнан астам адам еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, президент Ұлттық палатаның алдында нарыққа сапалы сараптама жасау үдерісіне қатысу үшін жаңа тәсілдер әзірлеу міндеті тұрғанын жеткізді.

«Осы уақыт ішінде ҰКП мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды. «Атамекеннің» микро және шағын бизнесті қолдаудағы, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуда басымдық бере отырып, жасап жатқан ауқымды өзгерістері еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерге толық сай келеді. Сіздердің алдарыңызда мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылдап, жүзеге асыру, нарыққа сапалы сараптама жасау үдерісіне қатысу үшін жаңа тәсілдер әзірлеу міндеті тұр», – деп жеткізді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, «кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің бәсекелік қабілетін арттыруға, қызметін жауапкершілікпен атқаруға ынталандыруға және жұмыс орындарын ашуға ат салыса отырып, билік пен іскер азаматтарды байланыстыратын тиімді арнаға айналу тиіс. «Атамекен» тауар өткізу нарығын кеңейтуге рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге, мемлекеттік сатып алц жұмысының қолжетімді болуына және сыбайлас жемқорлық қаперін азайтуға барынша септігін тигізуі керек».

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев палата отандық кәсіпкерлерліктің бетке ұстар өкілдері мен шағын және орта бизнес субъектілері арасында өзара тиімді ықпалдастық орнатып, үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді. Микро және шағын бизнес өкілдерін тексеруге жарияланған мараторий тағы бір жылға ұзартылғанын да атап өтті.

«Мемлекет шағын және орта бизнестің дамуына барынша жағдай жасап, кез келген заңды кәсіпкерлік қызметке қолдау көрсетеді, оны қорғайды. Елімізде адал бәсеке, әлеуметтік жауапкершілік, жасампаз еңбек құндылықтарын басшылыққа алатын кәсіпкерлердің жаңа қауымы қалыптасуы өте маңызды. Қазақстанда бизнесті өңірлік қана емес, жаһандық деңгейде өркендетуге мол мүмкіндік бар. Мемлекет палатамен бірлесіп, ұлттық экономиканы монополиядан арылту, нарықтарды игеру, барлығына түсінікті әділ ойын ережесен қалыптастыру үшін жүйелі жұмысты жалғастырады», – делінген құттықтауда.

Президент кәсіпкерлерді құттықтауын қорыта келе, «мемлекет пен бизнестің бірлесіп жұмыс істеуі елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады деген сенім білдірді».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер