«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қала құрылысы кодексі салаға серпін береді – Ұлттық палата

2022 жылғы 03 Қараша
6345 просмотров

 Жаңа құжат құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жүйелеуге, құрылыс қызметін мемлекеттік реттеудегі заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ осы саладағы қазіргі бар олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылсайынғы жолдауында концептуалды жаңа құжат – қала құрылысы кодексін құруды тапсырған болатын. Сондай-ақ, Президент қолданыстағы жүйені сынға алып, оны бюрократиялық және сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды деп атады.

Бұл ретте «Атамекен» ҰКП 2018 жылы Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығымен бірлесіп, құрылыс саласының заңнамасына талдау жүргізді. Талдау бірқатар заңнамалық проблеманың барын көрсетті. Атап айтқанда, заңнаманың тұрақсыздығы мен болжамсыздығы, реттеуде кешенді және жүйелі тәсілдің болмауы, заңға тәуелді актілердің пайдасына реттеудегі теңгерімсіздік және басқалары аталды. Заңнамадағы осындай кемшіліктер саланы дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға, инвестицияларды тарту және салауатты бәсекелестік ортаны дамытуға кедергі келтіреді.

Кәсіпкерлердің айтуынша,  құрылыс заңнамасы дамыған елдердің озық тәжірибесіне сәйкес келмейді және инновацияларды енгізу, инвестицияларды тартуда тежегішке айналды.

«Бірінші кезекте құрылыс саласындағы бизнес нарықтағы қазіргі жағдайды нақты  ескеретін құжаттың қабылдануын күтеді. Өйткені «жаңа заман жаңа ережемен жүруді талап етеді». Екіншіден, біз жаңа кодексте жазаның бұлтартпастығына кепілдік беретін нақты жауапкершілік шаралары жазылады деп күтеміз. Үшіншіден, Мемлекет басшысы айтқандай, біз бюрократияланған жүйеден шығып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайта аламыз», – деді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.

Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары жаңа құжатқа зор үміт артады. «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, Палата 2016 жылдан бастап қала құрылысы кодексін құру туралы мәселені көтеріп келді.

«Қала құрылысы кодексін қабылдау туралы Мемлекет басшысы айтқан соң енді ешкім нормативтік-құқықтық актілерді өз мүддесі үшін түсіндіре алмайтынын, осылайша кәсіпкерлер үшін жасанды кедергілер жасалмайтынын түсінеміз. Біз жаңа құжатты қабылдау құрылыс саласы үшін ерекше серпін болады және оны сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп күтеміз», – деді Райымбек Баталов Орталық мемлекеттік органдармен съезд алдындағы кездесуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер