«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ерлан Раимов: «Трансформациядан қажет емес функциялардың қысқартылуын күтеміз»

2022 жылғы 31 Қазан
- Қызылорда облысы
7735 просмотров

Осы апта, 4 қарашада Астана қаласында «Атамекен» ҰКП-ның Х Съезі өтеді.

Съезде ҰКП-ның өткен жылғы қызметінің есебі, реформалауға қатысты қабылданып жатқан шаралар мен өзге де мәселелер талқыланып, қаралады деп жоспарланып отыр.

«Атамекенді» трансформациялау шарасы аясында қабылданатын шаралардың бірі – салалық қауымдастықтармен жұмысты, нормативтік құжаттарды сараптауды күшейту, бизнеске арналған қызметтерді цифрландыру.

Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов трансформациядан «Атамекенге» қажет емес функциялардың қысқартылып, қалған міндеттерге басымдық берілуін күтетінін жеткізді.

«Қазір әлемде жағдай тұрақсыз болып тұр. Бұл бір жағынан біздің еліміз үшін жақсы мүмкіндік. Соны пайдаланып, инвестиция тарту, өндірістер, жаңа жұмыс орындарын ашу секілді маңызды шараларды жүзеге асыруымыз керек. Ал «Атамекеннің» трансформациясы осы шараларды ұйымдастыруда бизнеске сапалы сервистік қызмет көрсеткені маңызды», – дейді Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов.

Кеңес төрағасы «Атамекеннің» бастамасымен салық заңнамасының қайта жазылып шығатынын атап өтіп, қазір аталған салаға қатысты ұсыныс беруге кәсіпкерлердің белсенді араласып жатқанын жеткізді.    

Ерлан Раимов бизнеспен айналысып келе жатқанына отыз жылдан асқанын айта келе, «Атамекеннің» бизнес пен билік арасында диалог алаңын құрып, өте жақсы жүйе қалыптастырғанын атап өтті.

«Мүмкін бизнеске енді келген жас кәсіпкерлер онша байқай қоймайтын шығар. Дегенмен осы салада ұзақ жылдан бері жүрген тәжірибелі кәсіпкер ретінде айтарым, саланы қолдауға қатысты қабылданып жатқан шаралар бұрынғы кезбен салыстырғанда жер мен көктей. Бұл жерде «Атамекеннің» рөлі ерекше. Тек осы артықшылықтарды дұрыс қолдануды үйренуіміз керек», – деді Кеңес төрағасы.

Съезд қарсаңында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінде де бұл мәселе жан-жақты талқыланып, ұсыныстар Орталық аппаратқа берілді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер