«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер «Медеу» паркінің аумағына кіруге шектеу қойылғанына наразы

2022 жылғы 20 Қазан
- Алматы қаласы
6152 просмотров

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Медеу мұз айдынынан Шымбұлақ тау шаңғы курортына дейін көліктердің кедергісіз өтуіне негізсіз тыйым салу туралы мәселесі көтерілді.

Алматылық «Атамекен» алаңында «Медеу» өткізу бекетіне кіруді шектеу мәселесі үшінші рет көтеріліп отыр. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Нұрбол Әшербеков қазіргі таңда Медеу аймағына кіруді шектеп отырған әкімдіктің шешімі кәсіпкерлер тарапынан наразылық тудырып отырғанын атап өтті.

«Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен Медеу-Шымбұлақ аймағына көліктердің кіруіне шектеу қойылды. Көлік жүктемесін және қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайту мақсатында 2020 жылы Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті электромобильдерді тіркеудің онлайн қызметін іске қосты. Соған байланысты тасымалдаумен тікелей айналысатын барлық кәсіпкер жолаушылар мен өз кәсіпорындарына қызмет көрсететін компаниялар электронды сайт арқылы көліктерін тіркеді. Дегенмен, бүгінде Медеудегі автоматты шлагбаум арқылы кәсіпкерлердің электромобильдерінің еркін жүруіне шектеу қойылған», – дейді Нұрбол Әшербеков.

Спикер  «Медеу» мұз айдынын іске қосу кезіндегі шектен тыс талаптарды да қосты:

«Иә, «Медеу» саябағы директорының орынбасарымен сөйлестік, бірақ ол бізді бір рет өткізіп жіберді. Шлагбаум қараушылары күнде ауысатындықтан, екінші күні басқалары келіп, бізді кіргізбеді. Әркез шлагбаумнан осылай өтіп жүру ыңғайсыз».

Сонымен қатар, келушілерден жүру бағыты: қайда, кімге барады және сапар қандай мақсатта жоспарланғаны сұралады. Ал шлагбаумдағы қызметкерлерді  ауыстырған кезде кәсіпкерлердің аумаққа кірмей қалу қаупі бар және олар деректерді қайта көрсетуді талап етеді.

2022 жылдың басында «TEZ JET» ЖШС қайта шағым түсірді, себебі компанияның электрмобильдері аумаққа кіргізілмеді. Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес осы жылдың сәуір айында тергеу жүргізу туралы бұйрық қабылданды, оның қорытындысы бойынша басқармаға ведомствода келіспеген қорытынды жобасы жіберілді.

«Компания электромобильдерінің қатысуымен жол-көлік бұзушылықтары туралы дәлелдер келтірілді. Электр машиналарының сипаттамаларының «Медеу-Шымбұлақ» бағыты бойынша қауіпсіз жүру талаптарына сәйкестігі туралы бірқатар сұрақтар болды. Біз Алматы қаласының полиция департаментіне сараптама жүргізуді ұсындық, бұдан әрі олар қаланың сот сараптамалары институтына жүгінуге кеңес берді. Бүгінгі таңда сараптама аяқталған жоқ», – деді Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің бәсекелестікті қорғау бөлімінің басшысы Әсел Зиядинова

Ол сараптама кезінде тергеу тоқтатылатыны жайлы айтып өтті.

Өз кезегінде «Медеу» биік таулы мұз айдыны директорының орынбасары Алмас Аттапханов саябақтың антропогендік жүктемесін азайту мақсатында қабылданған көлік құралдарының кіруін шектеу туралы қаулының маңызына тоқталды.

 «Медеу» саябағының әкімшілігі көліктің кіруін шектеу үшін әкімнің атына хат жазды. Шектеу тұрғындар мен саябақ қызметкерлерінің көліктерін қоспағанда, барлық көлікке қолданылады. Бұл антропогендік жүктемені азайту үшін жасалады. Қазір менде 965 электромобиль тіркелген, егер олар бір күнде бірден аумаққа кірсе, бұл антропогендік жүктеме болады», – деп атап өтті Алмас Аттапханов.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Юрий Тілеумұратов саябақ басшылығын кәсіпкерлердің өтініштерін тыңдауға шақырды.

«Бірінші кезекте бұл прокуратура, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменттері және Мемлекеттік қызмет істері үшін жұмыс. Менің ойымша, бұл істе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тексеріс жүргізуіне де негіз бар», – деп атап өтті Юрий Тілеумұратов.

Бұл мәселені Қаланың кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласы әкімдігінің өкілдерімен талқылауға ниетті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер