«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Субсидия бөлудегі АШМ ұсынысын әлі де талқылау керек – Ерік Балапанов

2022 жылғы 06 Қазан
7120 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тетігін жетілдірудегі ұсыныстарын фермерлердің талқысына салды. Еліміздің әр өңірінен онлайн жиналған шаруалар ведомствоның механизміне қатысты сын-пікірін білдірді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы субсидиялары, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, қайта өңделген өнімдердің импортын алмастыруға және инновацияларды енгізуді ынталандыруға бағытталған субсидия түрлеріне тоқталды. Ведомство өкілінің айтуынша, инвестициялық субсидиялаудың кейбір түрі  жойылуы мүмкін. Ескерте кетейік, бұл министрліктің ұсынысы.

Алайда шаруалар көрсетілген ұсыныстармен толық келісе қоймады. Фермерлер өз салаларына субсидияны қалдырудың негіздемелерін айтты. Мысалға, құс саңғырығын қайта өңдеу құнын субсидиялауға көп қаржы керек емес және оны алмастыратын органикалық тыңайтқыш тым қымбат екенін уәж етті.

Ал «Атамекен» ҰКП төралқасының Тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Ерік Балапанов үкіметтің жұмысына реттілік керек дегенді алға тартты. Ол субсидияны «бір алып, бір қосқаннан» кәсіпкерлік дамымайтынын атап өтті.

«Мұнда өте маңызды мәселе бар. Үкіметтің жұмысына реттілік керек. Бұл инвестициялардың бәрі қаржы институттарымен байланысты екенін бәріміз білеміз. Бір жылы субсидия бар, келесі жылы жоқ деген бизнеске тиімсіз... «Атамекеннің» атынан жұмыртқа өндірушілер немесе жүгері өсірушілер болсын, айырмашылығы жоқ бірізділік керек деп ойлаймын. 3-5 жыл бұл субсидияларға тиіспейік. Бақылап көрейік, тиімсіз болса, содан кейін ауыстырайық», – деді Ұлттық палата төралқасының Тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Ерік Балапанов.

Ұлттық палата АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев алдыңғы спикердің пікірін жалғастырып, ұсыныстарды қайта қарау керек деген пікір білдірді.

«Біздің де ұсынымыз сол. Субсидия бөлуде негізгі фактор – өнімдердің тұрақты түрде шығарылуы болу керек. Биыл болған жағдайлар импортқа тәуелділігіміздің деңгейін көрсетті. Теңізге шығуға алыспыз – 3,5 мың км. Сондықтан ішкі нарықты қамтудағы маңызды бағыттарды қолдау керек. Өзіміз шығаратын өнім шикізат ретінде экспортқа кетпей, қандай да бір өнім болып ішкі нарықта қалу керек. Ал артығын экспортқа шығаруға болады. Сондықтан бұл ұсыныстарды қайта қарау керек», – деп ұсынды Ербол Есенеев.

Шаруалардың пікірін тыңдаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері алдағы уақытта тағы жиналып, әрі қарай талқыланатын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер