«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Темірді тікелей қалпына келтіретін Қазақстанда теңдесі жоқ зауыт Текеліде іске қосылды

2022 жылғы 05 Қазан
- Жетісу облысы
3851 просмотров

Темірді тікелей қалпына келтіретін Қазақстанда теңдесі жоқ зауыт Текеліде іске қосылды

Бүгін Текелі қаласында жылына 20 мың тонналық қуаттылыққа ие темірді тікелей қалпына келтіретін зауыт іске қосылды. Мұнда қолданылатын өндірістік технологияның әзірге Қазақстанда теңдесі жоқ, экологиялық жағынан деңгейі жоғарылығымен ерекшеленеді. Мұны отандық қара металлургия саласын дамытудың маңызды қадамы деуге болады. Бірінші кезеңде 100 жаңа жұмыс орны ашылды, алдағы уақытта жұмысшылар санын 500-ге дейін ұлғайту көзделген, тартылған инвестиция көлемі 4 млрд. теңгеден асады. Экспортқа бағытталған осы кәсіпорынның салтанатты ашылуына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, «Горное бюро» ЖШС компаниялар тобының директоры Абдраман Еділбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі, зауыт жұмысшылары мен  текелелік тұрғындар да  қатысты,

Жыл басынан бері облыс экономикасына 129 млрд. теңге инвестиция тартылып, 15 инвестициялық жоба іске асырылғанын атап өтті. Солардың бірі – Текеліде ашылып отырған «Электромарганец» ЖШС. Бұл кәсіпорын металлургия саласындағы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізіп отырған айтулы нысан. 

 «Горное бюро» ЖШС компаниялар тобының директоры, техника ғылымдарының докторы Абдраман Еділбаев кәсіпорынның ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғылар әлемдік өнеркәсіптің жаңа талаптарына сай келетін, экологиялық таза өндіріске көшуге жаңа серпін беретін, темірді тікелей қалпына келтіретін технология енгізілген Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын. Өндірісте отандық концентраттар, кен мен көмір қолданылады, ал өндірілген өнімге сұраныс жоғары. Қазір Еуропа, ҚХР, Түркия, Ресей елдерімен келісімдер жүріп жатыр.  Мұндай өнім әлемдік нарыққа тұңғыш рет шығарылмақ. Сондықтан нарықтағы өз орнын бекітіп, маркасын таныту аса қажет іс. Жаһандық бәсекелестіктегі ең маңыздысы – сапа, сондықтан өндіріс барысында сапаға ерекше екпін түсіріледі. 

Кадр дайындау мәселесіне келсек, кәсіпорын басшылығы РФ Иркутск облысындағы осындай кәсіпорынның мамандарын тарта отырып, бірнеше ай бойы зауыт қызметкерлерін оқытқан, техминимум, өндірістегі қауіпсіздік бойынша, жаңа технологияны қолдану негіздері мен мүмкіндіктері жөнінде лекциялар ұйымдастырған.

Зауыттың салтанатты ашылуында іске қосудың символдық нүктесі басылып, келушілер зауыттың ішкі жұмыстарымен танысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер