Отандық кәсіпкерлер кеңесінде энергетикалық сектор мәселелері талқыланды
Кәсіпкерлер премьер-министр Әлихан Смайыловпен және Үкімет мүшелерімен отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы барысында қандай түйткілді мәселелер көтерілгенін айтып берді.
«Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал тариф белгілеу, халықтың әлеуметтік осал топтарын жылумен қамту қызметтеріне ақы төлеуге атаулы субсидиялауды заңнамалық бекіту және жеңілдікпен несие беру механизмдерін көтерді. Сондай-ақ, жылу энергетикасы мәселелеріне тоқталды.
«Біз электр энергетикасына ұқсас қуаттардың бірыңғай жылу теңгерімін әзірлеуді ұсындық. Өңірлер бойынша жылу инфрақұрылымдарына (ЖЭО, жылу желілері, қазандықтар, сорғы станциялары) тексеруді орталықтандырылған мемлекеттік аудит жүргізіп, әрбір өңірде жылумен жабдықтауды дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу керек», – деді Бағдат Орал.
Бұдан басқа, сарапшы ең озық қолжетімді техникаларды (ОҚТ) енгізу проблемасын көтерді және жұмыс істеп тұрған энергия кәсіпорындары үшін шығарындылардың шекті рұқсат етілген деңгейін қайта қарау бөлігінде отын жағу бойынша ОҚТ анықтамалығының ұсынылып отырған төртінші нұсқасын алып тастауды ұсынды.
«Мемлекеттік орган еуропаляқ елдер деңгейіндегі нормаларды ұсынады, бұл жайт қолданыстағы жабдықтың жай-кұйі мен тозуын ескермейді», – деді спикер.
Жиын барысында жұмыс істеп тұрған энргетика объектілерін пайдалану салдарын жою жөніндегі өз міндетін орындауды қаржылық қамтамасыз ету талап етілетін объектілер қатарынан алып тастау бастамасыз айтылды. Қаржыны есептеу әдістемесіне сәйкес, егер компания энергия нарығында 20 жылдан астам жұмыс істесе, тарату сомасы 100%-ды құрауы тиіс. Кәсіпкерлер бір уақытта 20 млрд теңгеден басталатын соманы тоқтатуы тиіс. Егер компания қажетті соманы бермесе, онда ол қызметті тоқтатуы керек. Энергетиктер халық пен бизнес күн көріп отырған жұмысты қалай тоқтатуға болатынын түсінбейді.
Тағы бір проблема – Ресей Федерациясына санкциялар салу және логистикалық тізбектерді бұзу және Украинадан, Еуропалық одақтан және Ресейден тауарларды сатып алуға байланыысты.
«Қазіргі кезде энергетикалық қуаттардың жаңа құрылысын бастау, жаңғырту бойынша алдағы жылдарға жоспарланған инвестициялық жобаларды орындау қауіпті болып тұр немесе одан кейінгі мерзімдерге ауыстырылып жатыр. Кейбір компаниялар инвестициялық келісімдерді бұзуға дайындалып жатыр», – деді «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Марат Қалменов.
Спикер шетелдік кәсіпорындарды көшіру бойынша жұмыстарды ел ішіндегі құндылықтар мен экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту мемлекеттік бағдарламасымен байланыстыра отырып, бірлескен кәсіпорындар құру, оның ішінде отандық машина жасаушылар үшін өнеркәсіптік технологиялар трансфертін қамтамасыз ету арқылы жүргізуді ұсынды.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бас директоры Нәби Айтжанов Электр энергетикасы туралы заңға қуат нарығы бөлігінде өзгерістер енгізуді және құрылыстарды салу, реконструкциялау және жаңарту жөніндегі іс-шараларға инфрақұрылымның өзге де объектілерін қосуды ұсынды. Сондай-ақ, энергетика саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін көтерді, оны «Электр энергетикасы» және «Жылу энергетикасы» білім беру бағдарламаларының тобы бойынша гранттар санын 30%-ға ұлғайту арқылы шешуге болады. Сонымен қатар, энергетика секторындағы еңбекақының төмен болуы мәселесіне де тоқталды.
«Энергетиктің еңбекақысы елдегі орташа еңбекақыдан төмен екенін атап өткен жөн. Егер электр энергиясын генерациялау секторында станцияларда қызметкерлердің табысын арттырудың заңнамалық мүмкіндігі болса, онда жылуды өндіру, беру және сату секторларында, электр желілерінде мұндай мүмкіндік жоқ. өнеркәсіптік сектордың деңгейі бағдар болуы тиіс. Сондай-ақ, мамандарды қолдауды және «Әскери баспана» бағдарламасына ұқсас энергетика саласының жас қызметкерлері үшін «Отбасы банк» арқылы ипотекалық бағдарлама құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деп атап өтті сарапшы.
Нарықтағы алаңдаушылық, даму перспективаларын түсінбеуға қатысты мәселелерді ҚР еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев белгілеп, Энергетика министрлігін энергетикалық қоғамдастықпен бірлесіп, орта мерзімді кезеңге арналған электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар тұжырымдаманың орындалуын бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ заңға тәуелді актілерді «Атамекен» ҰКП-да және энергетикалық қоғамдастықта егжей-тегжей пысықтай отырып, электр энергетикасы саласындағы қолданыстағы заңдармен толық сәйкестендіруді қамтамасыз етуді ұсынды.
«Саланың шешуді қажет ететін тағы бір проблемасы – электр және жылу энергетикасын дамытудың негізгі көрсеткіштерінің болмауы және толық көлемде пысықталмағаны. Мысалы, әзірленген отын-энергетикалық теңгерімде генерация секторын 2035 жылға дейін 17 ГВт-қа ұлғайту көзделіп отыр. Бірақ бұл жоспарды орындау бойынша Жол картасы жоқ», – деп атап өтті Жақып Хайрушев.
Кәсіпкерлер «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауымен отандық кәсіпкерлер кеңесі барысында көтерілген мәселелер Үкіметтің шешімдерінде көрініс табады деп үміттенеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: