Сарапшы «таза парақтан» реттеу реформасын қайта қарау кезіндегі проблемаларды айтты
«Атамекен» ҰКП премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі кеңеске қатысты. Ұлттық палата өкілі бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау барысында сарапшылар тап болатын проблемалар туралы айтты.
«Атамекен» ҚР ҰКП «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі жобалау тобының жетекшісі Гүлнара Құрбанбаева қайта қарау барысында жұмыс топтары іс жүзінде барлық салаларда қисынсыз, ескірген талаптарды анықтайтынын атап өтті.
Оң нәтижеге қарамастан, жұмыс топтарының қатысушылары бірқатар проблемаға тап болады. Ал кейбір салалар бойынша жұмыс әлі де баяу жүріп жатыр. Қазіргі кезде мемлекеттік органдардың қайта қарау жұмыстарын ұйымдастыруы және жұмыс топтарының мүшелерімен байланыста болмауына қатысты мәселе бар.
«Салалық сарапшылар, тіпті мемлекеттік органдардың өкілдері де міндетті талаптың не екенін әрдайым түсіне бермейді. Мемлекеттік органдардың құзыреті, рұқсат алу процесі, бақылауды жүзеге асыру – барлығы талап ретінде қарастырылады. Бұл дұрыс емес, жұмыстың тиімділігі мен нәтижесін төмендетеді», – деп атап өтті Гүлнар Құрбанбаева.
Сарапшылардың анықтауы бойынша Кәсіпкерлік кодекстің 81-1-бабында белгіленген базалық шарттарға анық сәйкес келмейтін талаптарға қарамастан, жетекшілік ететін мемлекеттік органдар базалық шарттарға сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдамайтын жағдайлар бар.
«Сарапшылардың дәлелдерін қабылдамай және өз деңгейінде шешім қабылдау қабілетіне қарамастан, мемлекеттік орган Үкімет жанындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия деңгейінде шешім қабылдау үшін келіспеушіліктер хаттамасын жасайды, бұл қайта қарау процесін баяулатады», – деді спикер.
Тағы бір мәселе – мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынастың осалдығы. Мысалы, «өңдеу өнеркәсібі» тобында Сауда және интеграция министрлігі, Энергетика министрлігі, Қаржы министрлігі тарапынан жүргізілетін жұмыс сын көтермейді, бұл жайт та қайта қарау процесін тежейді.
Кеңес қорытындысы бойынша Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру бойынша реттеу актілерін қайта қарау және ақпараттық-ағарту жұмыстарын жандандыру бойынша тапсырма берді. «Таза парақтан» реттеу реформасының барысы апта сайын Премьер-министрдің орынбасарымен талқыланады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: