«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» алаңында Алматы әкімі бизнес өкілдерімен кездесті

2022 жылғы 16 Қыркүйек
- Алматы қаласы
9830 просмотров

Оңтүстік астананың кәсіпкерлері Алматы әкімі Ерболат Досаевпен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған алаңда бизнестің өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуге қалалық әкімдік, салалық қауымдастықтар, құқық қорғау және қадағалау органдарының өкілдері қатысты.


«Бүгінгі кездесуімізді өңірдің «ауыр» проблемаларын көтеруге арнағымыз келеді. «Атамекен» өз кезегінде мемлекет пен бизнес арасындағы дәнекер ретінде сындарлы диалог құруға және жария етілген мәселелерді біздің құзыретіміз шеңберінде шешуге тырысамыз», – деп атап өтті  «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

Бизнес мәселелерін шешудің жаңа тәсілдері туралы айта келе, Райымбек Баталов ҰКП-дағы трансформация аясында бизнесті қолдау және дамыту үшін қазіргі уақытта бизнесті қорғау, микро және шағын бизнесті белсенді дамыту үшін жағдай жасау, салалық сараптаманы арттыру және адами капиталды дамыту бағыттары пысықталып жатқанын атап өтті. Бұл әсіресе Алматы жағдайында өзекті. Палатаға келіп түсетін барлық сұрақ жүйелендіріледі және бизнесті қолдау мәселесіне баса назар аударылады.  

 «Алматы – шағын және микробизнесті дамыту бойынша лидер. Қазақстанның бірде-бір өңірінде Алматы сияқты шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы мен ШОБ-қа көмек көрсетудің нақты бағдарламалары жоқ. Оқыту мәселелері, қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары, тіпті фронтальды сұрақтар бойынша жүгінуге болады, «Қолдау» платформасы әзірленді. Осы қолдаудың нәтижесін біз бизнестің дамуынан көріп отырмыз. Дегенмен әлі де атқаратын жұмыс көп», –  деп атап өтті Райымбек Баталов.

 Кәсіпкерлер кездесуі ашық микрофон форматында өтті. Сұрақтардың басым бөлігі сауда, құрылыс, жер қатынастарына қатысты болды.

 Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қала экономикасы өсуінің, оның тұрақтылығын арттырудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.

«Бүгін мен сіздерді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен алғашқы кездесуімізде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қаламыз бизнес пен капиталдың танымал орталығы болып табылады. Бүгінгі таңда мегаполистің шағын және орта бизнесі қала экономикасының жартысына жуығын (47,5%) құрайды және қаланы жұмыспен қамтудың 65%-ын қамтамасыз етеді. Қаладағы бизнес-климатты жақсарту және шағын және орта бизнесті белсенді дамыту әкімдік жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Сіздің және Сіздің кәсіпкерлік бастамаңыздың арқасында бүгінде Алматы ұлттық экономиканың бестен бір бөлігін, мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бірін және Қазақстандағы барлық сауда операцияларының 35 пайызбен астамын құрайды», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.

 Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы президентінің орынбасары Виктория Тен жер ресурстарына қол жеткізу және оларды пайдалануға кедергі жасау мәселесін көтерді.

Виктория Теннің айтуынша, 2022 жылдың 6 айында Алматы қаласының Жер комиссиясының 6 отырысы өткізілді. Онда 2226 өтініш қаралды, оның ішінде 1463 өтініш бойынша оң шешім қабылданды, 610 өтініш бойынша бас тартылды.  

 «Алайда өкілетті орган 2022 жылы акцион жүргізбеді. Демек, қалыптасқан практика жерді аукционмен алу мүмкін еместігін көрсетеді», – деді Виктория Тен.

Бұл мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімдігіне Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 6) тармақшасы тәртібінде жер комиссиясының қорытындысынсыз жалдауды ұзарту туралы шешім шығару ұсынылды.  

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев қала құрылысы құжаттамасын (бас жоспарлар, егжей-тегжей жоспарлау жобаларын) бекітуге және іске асыруға және оған қолданыстағы жер құқығын ескерусіз өзгерістер енгізуге байланысты кәсіпкерлердің проблемалары туралы айтты.

Қазақстан Республикасының Жер кодексіне (бұдан әрі – ҚР ЖК) сәйкес қалалар, кенттер, ауылдық елді мекендер барлық жері олардың бас жоспарларына, егжей-тегжей жоспарлау жобаларына сәйкес пайдаланылады.

Сонымен қатар, егжей-тегжей жоспарлау жобасынсыз жер беруге тыйым салу 2014 жылы ҚР Жер кодексіне енгізілді (2015 жылы күшіне енді). Ал бүкіл ел бойынша жер учаскелерінің көп мөлшерін аталған шектеулер енгізілгенге дейін жеке және заңды тұлғалар сатып алған болатын.

«Іс жүзінде мұндай жерлердің меншік иелері бекітілген егжей-тегжей жоспарлау жобасына сәйкес келмеуіне байланысты жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану жөніндегі өз құқығын іске асыру проблемасына тап болады. Атап айтқанда, кәсіпкерлер жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес объектілер салуға рұқсат құжаттарын алған кезде аталған объектілер қолданыстағы егжей-тегжей жоспарлау жобасында көзделмеген негізде », – деп атап өтті Максим Барышев.

Спикердің айтуынша, жаңа егжей-тегжей жоспарлау жобаларын бекіту немесе қолданыстағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына өзгерістер енгізу кезінде қолданыстағы жеке меншік иелерінің келісімінсіз және ескертусіз жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту, сайып келгенде, оларды белгіленген мақсатты іске асырудан ғана емес, сонымен қатар осы учаскеге меншік құқығынан да бас тартуға мәжбүр етеді.

«Көп жағдайда ЖАО белгілі бір жер учаскесінде қандай объект және қандай кәсіпкерлік қызмет түрімен орналасу керектігін анықтай отырып, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы арқылы кәсіпкерлік қызметті реттеу функциясын өзіне жүктейді. Аталған мән-жайлар Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелеріне қайшы келеді. Осыған байланысты, қабылданатын егжей-тегжей жоспарлау жобалары мен оларға енгізілетін өзгерістердің заңдылығы туралы мәселе туындайды», – деп атап өтті Максим Барышев.

 Мәселенің шешімі ретінде бұған дейін берілген жер учаскелерінің нысаналы мақсатын ескере отырып, бизнес қоғамдастық пен Палата сарапшыларының қатысуымен бекітілген Бас жоспар мен егжей-тегжей жоспарлау жобасын қайта қарау ұсынылды.  

 Сондай-ақ, кездесу барысында Алматы қаласының геоақпараттық картасын жетілдіру, кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау, полиция қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, бизнесті тексеру, сауда орындарын модернизациялау мәселелері талқыланды.

«Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнестің мүддесіне өкілдік ететін  жүйелі алаң болды. Қазіргі кезде оның маңызы артты. Палата заңнамалық деңгейде реттелетін нақты диалог алаңына айналды. Бүгін айтылған барлық мәселелер Алматы әкімдігі мен Ұлттық палатаның бақылауында болады. Біз ортақ күш-жігерімізбен бизнеске оның проблемаларын шешуге, оған дұрыс жағдай жасауға, инвестициялық  және өңірлік ахуалды жақсартуға көмектесетін боламыз», – деді ҰКП басшысы Райымбек Баталов.

 

 

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың хабарлауынша, Алматыда 2022 жылдың 1 шілдесіне жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,5 млн-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13,3%-ға артық.  Алматыда 2022 жылдың 1 тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 720 738 адамды құрады. 2021 жылы Алматы қаласы бойынша белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 206 109 бірлікті құрайды. 2021 жылы Алматы қаласының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығаруы 10401080 млн теңгені құрады. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

 Еске салсақ, шара Мемлекет басшысының 2022 жылғы 19 мамырда бизнес-қауымдастықпен кездесу барысында берген тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды. Әкімнің өңірлік бизнеспен кездесуі қала экономикасының ең өзекті мәселелеріне, бизнес мәселелеріне жауап табуға көмектеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер