«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық кәсіпкерлер жас стартапшылармен кездесті

2022 жылғы 12 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
7523 просмотров

Қызылордалық кәсіпкерлер өңірдегі IT саласындағы жас стартапшылармен кездесіп, бірге жұмыс істеуге келісті. Шараны Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» 9 жылдығына орай ұйымдастырды.

Шараға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова, Қорқыт ата университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, «Ақсауле-Мед» клиникалар желісінің құрылтайшы Алмат Байнаев, Қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы Ақмарал Абдразақова, «Мансап» ЖШС құрылтайшысы Наталья Мишукова, кәсіпкер Ғани Ботабаев, «ПРЭКО» ЖШС құрылтайшысы Мәдина Төлепова, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Руслан Досмаханов пен өзге де кәсіпкерлер және жастар қатысты.

«2014 жылы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатынбыз. Нәтижесінде университет базасында Студенттік бизнес-инкубатор ашылды. Осы жылдар ішінде Кәсіпкерлер палатасы бизнес-инкубатор жұмысын жүргізуде әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Бұл кездесуді ұйымдастырудағы мақсатымыз – жастардың стартап жобаларын тәжірибелі кәсіпкерлерге таныстыру», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Кездесуде кәсіпкерлер бизнесті жүргізудің қыр-сырын айтып, тәжірибелерімен бөлісті.

Атап айтқанда, «Ақсауле-Мед» клиникалар желісінің құрылтайшы Алмат Байнаев дәрігерліктен табысты кәсіпкерге қалай айналғанын, «РАИМ» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Раимов кәсіпке икемі жастарға қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Басқоуда жастар Айбек Әбекен білім саласындағы мобильді қосымшасымен, Бек Қази «game dev, мемлекет секторындағы инновациялар», Оралбек Абдуллаев мейрамханаларға арналған IT жобасымен таныстырды.

Жас стартапшылардың жобасы қатысушылар арасында қызу талқыланып, қолдауға ие болды.

Қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы Ақмарал Абдразақова мейрамханаларға арналған жобаны Кәсіпкерлер палатасының алаңында әріптестерімен бірге талқылауды ұсынды.

Ал «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Руслан Досмаханов өңірде IT жобаларды қолдаудың маңыздылығына тоқталып, әлеуеті бар жобаларға қаржы іздестіруге ынталы екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысымен, Кәсіпкерлер палатасы Студенттік бизнес-инкубатор мүшелеріне кәсіпкерлер, Палата мамандарының қатысуымен 15 лекция, 5 салалық кездесу өткізетін болып келісті. Сондай-ақ бизнес-инкубатор жетекшісі Жанарыс Түбекбаев алдағы уақытта өзге де бағыттар бойынша стартап жобалардың таныстырылуын өткізуге уағдаласты.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер