«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Нақыпбеков: «Өңірлік кеңестің белсенділігі маңызды»

2022 жылғы 08 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
8782 просмотров

Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесіп, аймақ кәсіпкерлерінің өзекті мәселелерін тыңдады.

Тимур Нақыпбеков «Атамекеннің» бастамасымен еліміздің барлық өңірінде әкімдердің кәсіпкерлермен кездесуі ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, мамыр айындағы бизнес қауымдастықпен кездесуде Мемлекет басшысының Бас прокуратураға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге әр аймақта тоқсан сайын кездесулер өткізіп, негізсіз әкімшілік және қылмыстық қудалауға түскен кәсіпкерлердің мәселелерін, әкімшілік кедергілерді қарауды жүктегенін атап өтті.


«Бұл шаралардың нәтижелі болуы кәсіпкерлерге тікелей байланысты. Бизнес өкілдері көтерілген мәселелерді қоғамдық бақылауға алып, дер кезінде жүзеге асырылуын талап етуі керек. Осы жұмыстардың жергілікті жерде орындалуына әдістемелік көмек беру үшін біз – «Атамекеннің» басқарма мүшелері облыстарды аралап, кәсіпкерлермен кездесіп жүрміз. Қызылорда тоғызыншы өңір», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.


Өңірлік кеңес отырысында кәсіпкерлер салық саясатын қайта қарап, қаржыны қолжетімді етуді сұрады. Бұдан өзге, байқоңырлық кәсіпкерлердің, сондай-ақ облыстағы жеке балабақшалар мен медицина ұйымдарының проблемасы мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс саласын дамытуға қатысты ұсыныстар айтты.


Атап айтқанда, кәсіпкерлер Темір Бисембаев, Бейбітәлі Тілеулиев, Аслан Орынғалиев кірістер органдары тарапынан салық мәселесі бойынша қатаң қадағалау жасалып, тексерулердің жиі жүргізілетінін, сол үшін салаға қатысты талаптар реттеуді қажет ететінін жеткізді.


Ал «Ас-кА» ЖШС директоры Дина Махатова жеңіл өнеркәсіп саласына жоғары талап қойылатынын алға тартып, бұл салада қызмет көрсететін шағын кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылуын сұрады.


«Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Наталья Мишукова балабақшада 2 жасқа толған балалар үшін берілетін субсидия облыста шешімін таппай отырғанын жеткізді.


Кәсіпкер Әнуар Дәуленбаев байқоңырдағы бизнес өкілдерінің қосарланған салық төлеп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай жүргенін, сатып алған ғимараттарының жер телімін пайдалана алмай отырғанын айтты.


Кәсіпкер Раушан Базарбай жеке медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандардың мемлекеттік қолдау тетіктерін қолдана алмайтынын атап, мәселені Үкіметтік деңгейде көтеруді сұрады.


Отырыста «Атамекеннің» басқарма мүшесі кәсіпкерлердің көтерген мәселелеріне жеке-жеке тоқталып, шешу үшін қабылданатын қадамдарды атап өтті.


«Біз үшін қазір кәсіпкерлермен кері байланысты жолға қою аса маңызды. Осындай кездесулерде айтылған мәселелер кейін қалай шешілді, нәтижесі не болды, бұл жөнінде бизнес өкілдері көбіне хабарсыз қалып жатады. Сол үшін біз қазір Ұлттық палата жанындағы салалық комитеттерде өңірлердің өкілдерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл қадам аймақтарда көтерілген мәселелердің орталыққа дер кезінде жетіп, уақытылы шешуге мүмкіндік береді», – деді Тимур Нақыпбеков.


Сонымен қатар, ол «Атамекеннің» қазір саладағы мәселелерді жан-жақты зерттеп, проблемасына, шешу жолдарына жүргізген талдауларын кәсіпкерлердің көріп, таныс болуы үшін телеграмнан арнайы канал ашқанын жеткізді.

Кәсіпкерлердің аталған каналда оқып, танысып қана қоймай, пікір білдіруге, ұсыныс жасауға мүмкіндіктері бар. https://t.me/nppanalytics


Еншілес ұйымдар

Серіктестер