«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палата мен кәсіпкерлер 9 салада бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарап шықты

2022 жылғы 08 Қыркүйек
5015 просмотров

 «Атамекен» ҰКП премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «таза парақтан» реттеу мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.

Күн тәртібінде бизнеске қойылатын талаптардың жаңа реттеуші саясатқа сәйкестігіне қайта қарауды іске асыру және тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру мәселелері көтерілді.

Бизнес пен Ұлттық палатаның белсенді қатысуымен 9 салада реттеуші актілер мен олардағы бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау жұмысы аяқталды. 478 реттеушілік актіге талдау жүргізілді, онда бизнеске қойылатын 27 668 талап анықталды. Соның ішінде 3 796 талап немесе 14%-ы жаңа реттеушілік саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, реттеуші актілерді қайта қарау бойынша жоспар-кесте толығымен бұзылған. Мемлекеттік органдар сәуірден бастап реттеушілік актілерді және олардағы талаптар мен реттеушілік құралдарды талдауды бастауы тиіс болатын.

«Біз алгоритмді қолдаймыз. Жұмыс неғұрлым жылдам басталса, соғұрлым жақсы. Кейбір салалар бойынша жұмыс әлі де баяу. Бірде-бір мерзім сақталмады. Осының бәрі қайта қарау мен реформа жүргізу барысын кешіктіреді», – деп атап өтті Райымбек Баталов.

Бұл сауда, қоғамдық тамақтану, орналастыру, көлік қызметтері, жылжымайтын мүлікпен операциялар, ақпарат және байланыс, компьютерлік бағдарламалау, кеңес беру және басқа да ілеспе қызметтер, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, тұтынушылардың құқығын қорғау салалары.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен бизнесті қайта қарау бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Еске салсақ, 2020 жылы Қазақстан халқына жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «таза парақтан» реттеуді енгізуді тапсырған болатын. Бұл реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттарын өзгертеді. Бизнеске қойылатын талаптарды жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкестігі тұрғысынан қайта қарау қызметкерлердің жалпы санының 60% - дан астамы жұмыс істейтін 5 саладан басталды. Атап айтқанда, сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру/орналастыру, көлік. 2021 жылғы 30 желтоқсанда Ұлттық экономика министрлігі ҰКП-мен, отандық және шетелдік сарапшылармен бірлесіп әзірлеген жаңа реттеу саясаты мәселелері бойынша тиісті заң қабылданды. Бұдан әрі 2023 жылдың соңына дейін кәсіпкерлік қызметтің барлық салалары бойынша осыған ұқсас жұмыс жүргізіледі.

«Қазірдің өзінде барлық «қажет емес» талаптарды алып тастап, бизнес негізсіз талаптар қойылмаған жаңа ережелер бойынша жұмыс істесін», – деді ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Премьер-министр сондай-ақ бизнес үшін міндетті талаптарды қамтитын жаңадан қабылданатын НҚА қатысты белгіленген шарттардың сақталуына мемлекеттік органдардың бақылауы мен жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.

 Жаңа реттеушілік саясатты енгізу жөніндегі реформа шеңберінде Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тексерулерді автоматтандыру – мемлекеттік бақылаудағы тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Салалардың бір бөлігі осы жылдың өзінде қамтылып, қалған бөлігі келесі жылдың ортасына қарай аяқталуы тиіс деп жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер