Маңғыстаулық делегация Қостанай облысына барды
Делегацияны Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен бірқатар кәсіпкерлер бастап барды.
"Біз Әулиекөл ауданына бардық. Жағдайды өз көзімізбен көріп, бірнеше зардап шеккен тұрғындармен кездестік. Өкінішке орай, өрт бірнеше мың адамды эвакуациялауға мәжбүр етті, мыңдаған ғимараттар жарықсыз қалды, үйлер қирады. Бұл трагедия ешкімді бей-жай қалдырмады. Бүкіл ел бойынша зардап шеккендерге қаражат пен заттар жинау ұйымдастырылды. Маңғыстау облысы да қалыс қалмады. Тұрғындар осы қиын-қыстау кезеңде қостанайлықтарға шынайы ықылас пен қолдау білдіріп, жылы лебіздерін білдіруде", - деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай. Жұмыс сапары барысында Маңғыстау облысының делегациясы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесті. Өз кезегінде өңір басшысы жұмыс тобына және Маңғыстау облысының барлық тұрғындарына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Маңғыстауда жарты күнде Қостанай облысына аттанатын жарты тонна гуманитарлық көмек жиналды. Жәрдем қолын созуға облыс тұрғындары, кәсіпкерлер, партия мүшелері мен белсенді азаматтар атсалысты. Атап айтқанда, 10 қап ұн, 100 келі макарон, 40 литр сұйық май, 30 келі тұз, 10 қап қарақұмық, 5 қап күріш, 20 банка бұқтырылған ет, 6 қап қант, 20 келі шай, 6 қорап тәтті және химиялық тұрмыстық заттар, киім-кешектер жиналды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында арнайы штаб құрылып, ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда барлық аудандар мен қалада штаб жұмыс істеп тұр. Ал Ақтау қаласы бойынша екі жерде гуманитарлық көмек қабылданып жатыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: