«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үкімет органика өнімдерін шығарушылардың талабын орындамай отыр – Ұлттық палата

2022 жылғы 26 Тамыз
5747 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Ұлттық палата алаңында Organic жобалық кеңсесінің аясында органикалық өнімді стандарттау жүйесі, өнімді Қытай  Халық Республикасына экспорттау және қазақстандық брендті сүйемелдеу мәселесі талқыланды. Жиында кәсіпкерлер жауапты мемлекеттік органдардың бұл бағытта ешқандай жұмыс атқармағанына шағымданды. Бұдан бөлек бизнес өкілдері ұлттық стандарттау құжаты Ресей Федерациясының құжатынан көшірілгенін мәлімдеді.

ҚР премьер-министрі елімізде органиканы дамыту жоспарын бекітті. Құжатта стандарттау жүйесін реттеу керегі бекітілген. Алайда әлі күнге дейін құзырлы әрі жауапты мемлекеттік органдар жұмысты тиісті деңгейде атқармай отыр.

«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев органикалық өнімдер үшін стандарттаудың шикілігіне қатысты пікір білдірді.

«Біз бизнестің атынан уәж жеткіземіз. Салалық сарапшылардың пікірі ескеріліп, заңнама сапалы өзгертілгені қажет. Бір ғана мақсат – бизнес үшін стандарт бекіту және бизнес үшін қолайлы жағдай жасау. Жыл басында стандарттау керек дедік, бірақ қыркүйек келді, әлі күнге дейін стандарт бекітілген жоқ. Жауапты орган – ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті», – деп жеткізді бизнестің талабын Ербол Есенеев.

«ТК 100» төрағасы  Бердібек Бұлашев органикалық өнімге қатысты ҚР Ұлттық стандарттау жүйесіндегі өзгерістер Ресей Федерациясының балама заңнамасынан көшірме болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, стандарттау бойынша ұлттық орган құжатты өзіміз әзірлейміз деп алып, қазір тіпті тоқтатып қойды. Яғни, органикалық өндірушілердің қажеттілігі қараусыз қалды.

«Органикалық өнімге қатысты 4 стандарт 2022 жылғы Ұлттық стандартқа қосылғанымен, стандарттау жөніндегі ұлттық орган мұны өз күшімен орындаймыз деп шешті және әзірлеуші ретінде «Қазстандартты» бекітті. Ал «Қазстандарт» екі стандартты – сөздікті реттеу және күзет-өрт дабылы талаптарын алды да, қалғанын қосалқы мердігерлерге бергісі келді. Мен мұнымен келіспедім. Себебі «Қазстандарт» сөздіктің өзін Ресей Федерациясының стандарттау жүйесінен дәлме-дәл көшірген. Тек сыртқы мұқабасы өзгертілген. «Қазстандарт» осындай құжат ұсынып отыр. Бұл жарамайды. Оны талқылаудың да керегі жоқ», – деді Бердібек Бұлашев.

Сонымен қатар, жиында органикалық өнімді ҚХР-ға эскпортқа шығару талқыланды. Бұған құзыретті Сауда министрлігі де, Сыртқы істер министрлігі де тиісті деңгейде жұмыс атқарылмағаны анықталды. Себебі мемлекеттік органдардан қытайлық тараппен қандай келіссөз жүргізілгені, қандай мәселе талқыланғаны туралы жауап болмады. Ұлттық палата өкілі Ербол Есенеев бұл бағытта жұмыстың әлсіз екенін атап, қарапайым кәсіпкерге Қытай нарығына шығу үшін нақты алгоритм жасауды ұсынды.

Сондай-ақ, отандық QazOrganicFood брендін сүйемелдеу бағытында Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті жұмыс атқармағаны белгілі болды. Ал, QazTrade өкілі Өжет Шегірбаев Сауда министрлігі тарапынан нақты тапсырма немесе құжат болмағанын атап өтті.

Ербол Есенеев жиынды қорытындылап, мемлекеттік органдар органикалық өнім шығаратын кәсіпкерлердің заңнамалық құжаттарын реттеуді тиісті деңгейде атқармағандықтан, саланы дамыту кейінге қалып жатқанын айтты. Сол себепті бизнестің уәжі премьер-министрге жеткізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, Organic жобалық кеңсесі отандық органика өнімдерін дамыту және экспортқа шығару мәселесін алға тартып келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер