«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық кәсіпкерлер кеңесінде ауыл шаруашылығының мәселелері қаралды

2022 жылғы 24 Тамыз
4149 просмотров

Бүгін Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлер премьер-министр Әлихан Смайыловқа саланың басты мәселелерін баяндап, үкімет мүшелерімен талқылады.

Кәсіпкерлер тарапынан «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Жигули Дайрабаев субсидия және несиелендіру, кепілдік саясатын жеңілдету және қайта өңдеу саласындағы мәселелерге тоқталды.

«Субсидия мен несиелендіру мәселесінде бірбеткейлік пен тұрақтылық керек. Тағы бір өзекті проблема – қайта өңдеу саласы. Қазақстанның шалғай жатқан аудандарында шаруалардың өнімдерін сатып алатын ешкім жоқ. Осыны пайдаланып, делдалдар да сүт зауыттары мен ет комбинаттары да бағаны «сындырып» жүр. Сондықтан алыс жатқан елді мекендерге арнайы дәліз жасап, бюджет тарапынан жол шығынын өтеу қажет немесе сол өңірлерде қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобаларды қолға алып, іске асыру керек», – деп ұсынды Жигули Дайрабаев.

Сондай-ақ, комитет төрағасы ауыл инфрақұрылымы, кадр даярлау, отандық тұқыммен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының техникасындағы қордаланған проблемаларға тоқталып, экспортқа шектеу қоймау керегін атап өтті. Қант қызылшасы үшін егістік алқаптарының көлемін қазіргіден 5 есе арттырып, оларды суару үшін мемлекет жерасты су көздерін ашып беруі тиіс деген пікір білдірді.

DALA-FRUIT.KZ ЖШС басшысы Болатбек Әлиев азық-түлік қауіпсіздігін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және тасымалдау мәселелеріне тоқталды. Кейбір әкімдер ауыл шаруашылығының мәселелері басымдық бермей, проблеманы елемейтінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Болатбек Әлиев қазіргі таңда алма өсіруге берілетін қолдау шараларын басқа бау-бақша өніміне бағыттауды ұсынды.

«Осыдан он жыл бұрын болған алмаға қажеттіліктің 50 пайызын қамтып отырмыз. Бұрын біз 190 мың тонна импорттасақ, қазір 90 мың тонна сырттан кіргіземіз. Оның үстіне девальвация болса да біз ұтылып жатқан жоқпыз. Баға арзандады. Биыл жеміс те жақсы өнім берді. Сондықтан министрлікке жеке қосалқы шаруашылық өкілдеріне өнімін сатуға мүмкіндік қарастыруды ұсындым. Сонымен қатар, алмаға көрсетілген қолдауды басқа жеміс түрлеріне – алмұрт, шие, қара шие, жаңғақтарға ауыстыру керек», – деп атап өтті Болатбек Әлиев.

Бұдан бөлек кеңесте «Алель Агро» АҚ басқарма төрайымы Рәзия Жатақпаева қазақстандық құс шаруашылығын дамыту, «Ақсукант» ЖШС басшысы Қайрат Оразбеков қант саласын дамытуға қатысты мәселелерді көтерді.

Рәзия Жатақпаеваның құс шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама жасау ұсынысы мен Қайрат Оразбековтің қант саласын қолдаудағы барлық ұсынысы қолдау тапты.

Жиын соңында кеңес төрағасы Әлихан Смайылов үкімет мүшелеріне көтерілген мәселелерді «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе шешуді тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер