«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық шаруалар көктемгі және күзгі егін науқанына бөлінетін жанар-жағар май көлемін қайта қарауды сұрап отыр

2022 жылғы 08 Тамыз
- Қызылорда облысы
9626 просмотров

Бірнеше жылдан бері Қызылорда облысында орын алып отырған су тапшылығы салдарынан шаруалар егістікке су сорғыларын қолдануға мәжбүр. Бұл қадам жанар-жағар майды жоспарлаған көлемнен артық қолдануға алып келіп отыр. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен бас қосуда осы және өзге де мәселелер қаралды.

Шараға облыстық және қала, аудандық ауыл шаруашылығына жауапты мемлекеттік орган басшылары мен облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің лауазымды тұлғалары, жанар-жағар май таратушы операторлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер қатысты.

Отырыста облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жыл сайын облыс көлемінде егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлеміне сәйкес, көктемгі дала жұмыстары және күзгі егін жинау науқанын жүргізу үшін жергілікті тауар өндірушілерге кепілді бағамен арзандатылған дизель отыны бөлініп жатқанын жеткізді.

Сала басшысының айтуынша, арзандатылған дизель отынының қажетті көлемі «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС ұсынған ауыл шаруашылығы дақылдарының 1 гектарына жұмсалатын өндірістік шығындар нормативіне және орналастырылатын егіс көлеміне сәйкес нақтыланады екен.

Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облысқа 24,3 мың тонна жанар-жағар май бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  1 000,0 тоннаға кем.

Қызылорда қалалық және аудан әкімдіктерінің ұсыныстарына сәйкес, осы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бөлінген дизель отынын жеткізіп беруге облысқа бірнеше оператор белгіленген. Олар «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС, «РК Мұнай» ЖШС, «Жаңақорған OIL» ЖШС, «Petro Retail» ЖШС және «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-тері.

Кездесуде Қайратбек Сәрсенбаев проблеманы да жеткізді.

«Арзандатылған дизель отынын жеткізуші операторларды бекіту, дизель отынының көлемін операторлар бөлінісінде нақтылау, облыстағы операторлардың шектік санын және операторларды бекітетін органды айқындау тәртібі қандай да бір нормативтік құқықтық актімен реттелмеген. Жұмысты ұйымдастыру барысында осы жағдай қиындықтар тудырып отыр. Жергілікті атқарушы орган ретінде біз орталықтағы жауапты мемлекеттік мекемелерге ұсынысымызды беріп жатырмыз», – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев.

Шараға қатысқан шаруалар өңірде жанар-жағар май алуда айтарлықтай қиындықтар жоқ екенін, жұмыс жүйелі ұйымдастырылғанын жеткізе келе өңірдің ерекшелігіне орай туындап отырған мәселені ортаға салды.

«Көктемгі егіс пен күзгі егінді жинау кезіне қажетті жанар-жағар майды уақытылы алып отырмыз. Дегенмен, қазір өңірдегі су тапшылығын барлығыңыз да білесіздер. Мәселені шешу үшін су сорғыларын пайдалануға мәжбүрміз. Салдарынан белгіленген көлемнен артық жанар-жағар май пайдаланамыз. Әсіресе, жаз мезгілінде бақшалық дақылдарға, басқа да технологиялық процестерге қажетті жанар-жағар майды там-тұмдап, әзер жеткізетін кезіміз болады. Осы жағын ескерулеріңізді сұраймын», – деді «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов.

Кәсіпкердің ұсынысын Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов та қолдады.

«Кәсіпкерлердің айтып отырғаны орынды. Расымен де, дақылға және технологиялық процестерге кететін жанар-жағар майдың нормативін мамандармен қайта қарау керек. Ол үшін облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, қала, аудандағы саладағы әріптестеріміз және «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС өкілдерімен жақын күндері кездесіп, осы мәселені талқылауды ұсынамын. Биылға үлгермейтініміз анық. Дегенмен, бұл мәселе келесі жылы да өзекті екенін ескерсек, қазірден есеп-қисабымызды сайлай бергеніміз жөн»,– деді Пірмұхаммед Сыздықов.

Басқосуда облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Жедел басқармасының басшысы Ахылхан Ермаханов жанар-жағар майдың бағасына немесе жетіспеушілігіне байланысты заңбұзушылық фактісі орын алған жағдайда кәсіпкерлердің экономикалық тергеу органдарына  тікелей  жүгіне алатынын жеткізді.

Шара қорытындысымен Кәсіпкерлер палатасы ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып алдағы жылға бөлінетін жанар-жағар май көлемін қайта қарауға және бұл жұмыстарды реттеуге арналған ереже қабылдауға қатысты орталықтағы мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жасауға келісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер