«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әкімдіктер байқау негізінде бөлінетін жерлерді дұрыс үлестірмейді

2022 жылғы 18 Шілде
12184 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жыл бойы Ауыл шаруашылығы министрлігінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді байқау негізінде беру процесін ретке келтіруді талап етіп келеді. Атап айтқанда, ведомствоның жерді ұсыну тәртібін регламенттейтін ережені пысықтау қажет. ҰКП мамандары мәселені шешуді кешіктіру тиімсіз пайдаланылатын жерлерді айналымға қайтару бойынша барлық жұмысты жоққа шығаруы мүмкін деп мәлімдейді. Өйткені жер кейіннен жалға берудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етпейтін ереже бойынша бөлінеді.

ҰКП мамандары қазақстандық егістіктер мен жайылымдарға «қағаз жүзінде» жүздеген миллиард теңге салынғанын мәлімдеді. Бұл ретте байқауларда жеңіске жеткен әлеуетті инвесторлардың берген уәдесін ешкім тексермейді және бақыламайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін байқау негізіндее беру тәртібін реттейтін ереженің қолданыстағы редакциясы 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен енгізілді (20.12.18 ж. №518 бұйрық). Ереже бағалауды көздейді және байқау жеңімпазын тек бір критерий – бір гектарға инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру арқылы анықтайды. Ал оған талдау жасау, мониторингілеу және орындалуын бақылауды бүгінде ешкім жүргізбейді.

 Екі қатысушының баллы бірдей болған кезде жеңімпазды ашық дауыс беру арқылы анықтайды. Іс жүзінде байқауға қатысушылар ереже шкаласы бойынша үлкен балл алу үшін өз өтінімдерінде әр гектарға инвестциялардың жоғары сомаларын көрсетеді. ҰКП мамандарының айтуынша, байқау жеңімпазы кәсіпкер туралы жағымды пікір білдірген ауылдық округ әкімдерінің позициясымен, көп жағдайда субъективті бағалау негізінде анықталатын фактілер бар.

Гүлбахрам Бекмалиеваның шаруашылығы Ақмола облысы, Тайтөбе кентінде орналасқан. Ағасымен бірге, 2012 жылы олар «Әзімбаев» жеке кәсіпкерлікті ЖК құрды. Қожалық бүгінде мал өсіріп, көп жылдан бері жайылымдық жерлерді жалға алуға тырысып жатыр.

«Алғаш рет жерге аул үшін байқауға жеті жыл бұрын өтініш бердік. Содан бері ұлтарақтай жер де ала алмай келеміз. Алғашқы жылы бізде мал аз болды. Бірақ, кейінгі жылдары біз осы көрсеткішке сәйкес келдік. Қазір бізде 28 жылқы, 30-дан астам ірі қара мал, 50-ден аса қой бар. Сосын бізде техника жоқ деді, трактор сатып алдық.  Қазір техника бар. Жыл сайын біз байқауға қатысамыз, үлкен балл аламыз, бірақ жер учаскесін ала алмаймыз. Олар сізде мал бар дейді, балл да жақсы, бірақ комиссия басқаша шешім қабылдады. Осы жеті жыл ішінде біз малы жоқ немесе тым аз қожалықтар байқауда жеңіп жатқанын көрдік», – дейді Гүлбахрам Бекмалиева.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы жер байқауларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 6,7 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жалға берілген. Бұл ретте, Кәсіпкерлер палатасына жергілікті атқарушы органдардың іс- әрекеттеріне келіп түскен шағымдардың жалпы санынан жер мәселесі  – екінші орында.

«Әкімдіктер сайтта байқау туралы өздері хабарлайды. Ал өтінім беруге барған кезімізде «Жер жоқ!» деп табалдырықтан аттатқылары келмейді. Біз «Жер жоқ болса, неге байқау жариялайсыздар?» деп сұраймыз, айтамыз, табандап тұрып аламыз. Сонда ғана өтінімді қабылдайды. Байқауға қатысу үшін бизнес-жоспар, құжаттар дайындаймыз,  соның бәріне жыл сайын 100 мың теңгедей жұмсаймыз, бірақ нәтижесіз. Ақмола облысы әкімінің қабылдауында болдық, одан кейін бізді ауылдық ӘКК тізіміне енгізді. Әкімдік ауылға 1000 гектар жер берді. Бірақ ол тізімнен бізге пайда жоқ, себебі жер жоқ. Шындығында ӘКК тізіміне енгізбейді екен, әр басқа ақша төлеу керек дейді. Бізде мал басы көп. Ондай ақшамыз жоқ. Қазір сүт сатып, түскен ақшаға шөп алып отырмыз. Сол ӘКК өзінде шөп қымбат – әкімдік адамдарынан аламыз. Ал байқау әділетсіз өтеді. Малы жоқтар ұтады, сосын олар сол жерді жалға ұсынады, бір гектарына 1 млн теңге сұрайды», –  дейді Гүлбахрам Бекмалиева.

Бүгінде сатып алған техника қолданылмағаннан тот басып тұр. Шаруа Целиноград ауданының кез келген бұрышынан жер беруін сұрайды, мал үшін көшуге де дайын.  Оның айтуынша, жергілікті билік мал басын азайт не басқа ауданға көш дейді екен.

Ал ҰКП Жер туралы реформа комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа Ережені қабылдағанға дейін Жер кодексіне жерді жалға берудің нақты әрі объективті критерийлері жазылып қойылғанын еске салады. Олар агротехнология, ауыл шаруашылығы техникасы, білікті мамандар, мал басы саны, құрылатын жұмыс орнының саны, жер заңнамасы талаптарының орындалуына қатысты іс-шаралар, оның ішінде ауыл шаруашылығына арналған жердің тиімді пайдалануы және басқа да бірқатар критерийді ескеруді талап етеді.

Ұлттық палата Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында легитимділік мәселесін ресми түрде көтерген.  Бір жыл бұрын ҰКП мен АШМ бастамасымен байқау ұсыныстарын бағалау жүйесін қайта қарау бойынша жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігі,  әкімшіктер, АӨК саласындағы қауымдастықтар, Ұлттық палата өкілдері кірді. Бірақ мемлекеттік органның енжарлығынан жұмыс тобы нақты нәтиже шығара алмады. Мәселені Үкімет деңгейіне дейін көтергеннен кейін АШМ-ға мәселені сол ведомствоның өзінде құрылған Сарапшы кеңесінде тапсырылған. Тапсырма орындалмаған күйі қалды. Президенттің мемлекеттік аппарат қызметін бюрократсыздандыру жарлығы бойынша кеңес таратылды.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директоры Ернұр Әбжанның айтуынша,  кеңесті қысқарту ведомствоның мәселені шешу әрекетін шектемеуі тиіс, себебі министрлікте қажетті өкілеттік пен мүмкіндік бар.

«Бүгінде мемлекеттік орган мәселені шешуге құлықсыз екенін көріп отырмыз. Мәселені дәлелдедік, Үкімет тарапынан қажетті тапсырмаға қол жеткіздік, бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысын бізге қарай ысырып, ережеге өзгерту енгізуге асығар емес. Нақты айтсақ, бізден дайын шешім – өтінімдерін бағалаудың жаңа жүйесін сұрап отыр. Біз мұнымен келіспейміз. Біз шаруаларлың мүддесін қорғау үшін қатысуға дайынбыз, бірақ бастама ережеге жауапты өкілетті органнан болуы тиіс. Жұмысқа ғылыми қоғамдастықты тарту керек, Жер кодексінде бекітілген барлық критерий ескерілген, ашық та объективті бағалау әдістемесі жасалауы керек, нәтижесінде кәсібін енді бастағандарға ауыл шаруашылық жерді алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ернұр Әбжан.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер