«Қазақстанның үздік тауары»: елордада үздік өндірушілер таңдалды
11 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті. Қатысуға 100-ге жуық астаналық компания өтінім берді. Отандық өнімдер көрмесі Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында өтті.
Көрме-байқаудың ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Шараны ұйымдастырушылар атынан қатысушылар мен қонақтарды Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев қарсы алды.
«Карантиндік шектеуге байланысты екі жыл үзілістен кейін отандық кәсіпкерлердің нақты әлеуетін көруге мүмкіндік беретін көрмеге жиналып отырмыз. Ешқандай кедергіге қарамастан сіздер тарапынан байқауға деген қызығушылық әлі де жоғары екеніне қуаныштымыз. Демек, «Қазақстанның үздік тауары» отандық тауардың сапасын тану саласында беделді байқау екенін көрсетіп отыр.
2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша қаладағы белсенді кәсіпкерлер саны 175,5 мыңды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға артты. Олардың Нұр-Сұлтан қаласының ішкі өңірлік өніміне қосқан үлесі 5 636,6 млрд теңгені немесе 66,9%-ды құрады. Бұл Қазақстанның барлық өңірі арасындағы ең жоғары көрсеткіш!», – деді Бейсен Жолболдиев.
Спикер елордада негізгі сала – саудадан басқа жеңіл және жиһаз өнеркәсібі дамып, парфюмерлік-косметикалық өнімдер, санитариялық-гигиеналық және медициналық бұйымдар, құбырлар, жарық диодты және металл пластик өнімдер, лифт, эскалаторлық және траволатор жабдықтар, жоғары вольтты жабдықтар өндіріліп жатқанын атап өтті.
«Өз тарапынан байқауды ұйымдастырушы – Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы елордада бизнес-ахуалды жақсарту, қалада іске асырылып жатқан жобаларда жергілікті қамту үлесін арттыру, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары пакетін кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу, әкімшілік кедергілерді жою бойынша тұрақты түрде жұмыс істеп келеді», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры.
Астаналық компаниялар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша үздік атануға барын салды. Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталды.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында:
1-орын «Абишев» жеке кәсіпкерлігіне (шағын бизнес субъекті) – дизайнерлік киім өндірушіге берілді. Компания нарықта 19 жыл бойы жұмыс істеп келеді, штатында 20 адам еңбек етеді. «Абишев» жеке кәсіпкерлігі – 2020 жылы «Алтын сапа» байқауының «Іскер» сыйлығының иегері, «Алтын оймақ» киім дизайнерлері байқауының қатысушысы. Дизайнер жұмыстарының қоржынында танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің сахналық костюмдері бар.
2-орын «Шенберг Галина» жеке кәсіпкерлігіне (шағын бизнес субъекті) бұйырды. 2016 жылдан бері компания APOLI сауда маркасымен гипоаллергенді маталардан эко-ойыншықтарды тігеді.
3-орынды – «Big Dream Lab» ЖШС (шағын бизнес субъекті) иеленді. Компания полиграфия, білім беру, маркетинг, құрылыс, өндіріс және өнеркәсіпте озық технологияларды әзірлеу және енгізумен айналысады. 2019 жылдан бастап жұмыс істейді, штатында 22 адам еңбек етеді.
«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында:
1-орынды «Жетi Аспан» ЖШС иеленді. Компания Galmart супермаркеттер желісінде аспаздық өнімдерді өндіреді (ірі бизнес субъекті). Нарықта 2010 жылдан бері жұмыс істейді, командасында 777 адам еңбек етеді.
2-орынды «Akmeshit cake company» ЖШС (орта бизнес субъекті) алды. Компания Happy Cake брендімен торт өндіретін отбасылық кәсіпорын. Тоғыз жыл ішінде Happy Cake кондитерлік дүкендер желісіне айналды, онда бүкіл Қазақстан бойынша 420-дан астам қызметкер жұмыс істейді.
3-орын – «Кожахметов Н.Н.» жеке кәсіпкерлігі (шағын бизнес субъекті). Компания МАШАМ сауда белгісімен бесбармақ, көжелер, лағманға арналған жайма мен кеспелерді әзірлейді. Кеспе өнімдері елордадағы ірі супермаркеттерде сатылады. Қазіргі кезде штатында 20 адам еңбек етеді.
«Үздік өндірістік тауарлар» номинациясы бойынша:
1-орынды «Алкон+» фирмасы» ЖШС (орта бизнес субъекті) иеленді. Компания заманауи алюминий және металл пластик конструкцияларды жеткізу бойынша жетекші. Нарықта 1998 жылдан бастап еңбек етеді. «Алкон+» өнімінде жергілікті қамту үлесі 55%-ды құрайды, штат саны – 236 адам.
2-орын – «Центр Элит НС» ЖШС (шағын бизнес субъекті). Кәсіпорын елордадағы полиграфия өндірісінің лидері саналады, 5000-нан астам өнім түрлерін шығарады. Компанияда 47 қызметкер жұмыс істейді. «Центр Элит НС» полиграфиясы ISO 9001-2016 стандартын енгізді.
3-орынды «LIDER» жеке кәсіпкерлігі (шағын бизнес субъекті) иеленді. Кәсіпорын темірбетон бұйымдары, темірбетон сатылар мен баспалдақтар, қабырға және сыртқы панельдер, іргетас балкаларына арналған арматура мен салма бұйымдарын өндірумен айналысады. Бүгінде компанияда 15 адам жұмыс істейді.
ҚР аумағында өнеркәсіптік, азық-түлік тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерді өндіруді жүзеге асыратын; және өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін қамтамасыз ету және оны жүйелі жақсарту бойынша байқауды ұйымдастырушы растаған оң нәтижесі бар жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар байқауға қатыса алатынын естеріңізге сала кетейік.
Байқау дипломанттары «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының эмблемасымен және дипломдарымен марапатталады. Байқау дипломанттары байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта төрт жыл бойы пайдалану құқығына ие болады.
Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға қатысады.
Суреті Александр Куприенко
Пікір қалдыру:
Пікірлер: