Ұлттық палата бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді жоюды жалғастырып жатыр
«Атамекен» ҚР ҰКП сарапшылары Ұлттық экономика және Сауда министрліктерімен бірлесіп кәсіпкерлік қызметке қатысты қисынсыз және қайталанатын нормаларды анықтады.
«Атамекен» тарапынан «таза парақтан» реформаны іске асыру шеңберінде қолданыстағы реттеуді түбегейлі қайта қарау бойынша толық ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Еске салсақ, 2023 жылдың қаңтарынан бастап, егер талап Тізілімге енгізілмеген болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган бизнесті тексеріп, жазалай алмайды. Бес пилоттық саланың ішінен талдау сауда қызметі саласында аяқталды. 52 нормативтік-құқықтық актіге талдау жүргізіліп, 1729 талап анықталды. Соның ішінде 543 талап (31%) базалық шарттарға сәйкес келмейді. Мысалы, нан-тоқаш өнімдерін кесуге қатысты норма, оның орындылығына жұмыс тобының сарапшылары күмән келтірді.
«2-тарау. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді сату тәртібі. 122. Нан-тоқаш өнімдерін кесу үшін үгінділер санын азайту, тез және тең кесу үшін пышақтары үнемі қайралатын тұтқалы немесе қолмен кескіш пышақтар қолданылады».
Сондай-ақ, нормативтік актілердің қалыптастырылған тізбесі бойынша әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүргізілетін жұмыс шеңберінде бірқатар ескірген, қайталанатын және қисынсыз нормалар анықталды. Осылайша, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 25-бабында бекітілген тауар туралы міндетті мәліметтердің тізбесі Ішкі сауда ережелерімен сөзбе-сөз қайталанады. Жұмыс қорытындысы бойынша осы норманы негізгі етіп қалдыру, ал қалған жерлерде сілтеме ретінде көрсету бойынша шешім қабылданды.
Анықтама:
2020 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында реттеуді «таза парақтан» енгізуді тапсырды, бұл реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттарын өзгертеді. «Атамекен» ҰКП бұл бағытта ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп 1,5 жыл механизмін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бизнеске қойылатын талаптарды жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкестігі тұрғысынан қайта қарау қызметкерлердің жалпы санының 60%-дан астамы жұмыс істейтін 5 сала: сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру/орналастыру, көлік саласында басталды. 2021 жылғы 30 желтоқсанда Ұлттық экономика министрлігі ҰКП, отандық және шетелдік сарапшылармен бірлесіп әзірлеген жаңа реттеу саясаты мәселелері бойынша тиісті заң қабылданды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: