Маңғыстауда кәсіпкердің құқығы қалай қорғалып жатыр
Биыл Маңғыстауда 4,5 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, жосықсыз тексеру тоқтатылды. Сондай-ақ, бизнестің қызметіне кедергі келтірген 13 мемлекеттік органға қатысты заңбұзушылық анықталды. Оның үстіне кәсіпкерлерді тексеру азаймай отыр. Бизнестің құқығымен байланысты Өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы жиында айтылды.
Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – бизнесті қорғаудың экожүйесін құру. Бұл бағыт Президенттің бизнес құқығын қорғау тапсырмасының аясында іске асырылып жатыр. Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Райымбек Баталов аталған экожүйені дамыту және тартымды бизнес-климатты қалыптастыру үшін мемлекеттік органдармен бірлескен шаралар жоспарын бекітті.
Сол себепті қазір мемлекеттік органдармен жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы орайда Маңғыстау әкімі Нұрлан Ноғаев бизнес өкілдері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесіп, саладағы түйткілді мәселелер талқыланды.
Облыс прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағамбетов осы жылы кәсіпкердің құқығына деректерді бөлісті. Ол өңірде 21 заңсыз әкімшілік хаттама толтырылып, оларға қатысты тұлғаларға 20 АЕК айыппұл салынғанын атап өтті.
«Тағы он үш мемлекеттік органға қатысты заңбұзушылық анықталды. Мәселен, «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі мемлекеттік сатып алулар бойынша полиэтиленді қысымды құбырлар сатып алу үшін кәсіпкермен келісім жасайды. Мердігер құбырмен толық қамтамасыз етсе де, 156 кәсіпкерлік субъектінің заңды құқығы бұзылып, 307 миллион теңге құрайтын қаржылық міндеттемелер орындалмаған. Талдау барысында кәсіпкерлер құқығы қорғалып, облыс әкімі атына ұсынысхат жолданды», – деді Ержан Тұрмағамбетов.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл облыста кәсіпкерлер қатары 18% артып, 60 мыңға жетті. Мұндай деректі Маңғыстау өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев айтты. Маман бизнес мәселесі үнемі назарда болуы үшін мүдделі органдар және БАҚ өкілдерімен жүйелі кездесуді ұсынды.
«Кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасап, тартымды бизнес-климатты қалыптастыру үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сондай-ақ журналистермен тоқсан сайын кездесу керек. Сонда бизнестің өңірлік және салалық проблемаларын жедел шешуді талап ететін міндеттерді талқылап, тең емес бәсекелестік факторларын анықтау және жою қажет», – деп атап өтті ӨКП директоры Рашит Мұстапаев.
Сонымен қатар, Бас прокуратура Статистика және арнайы есепке алу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша басқармасының бастығы Асан Абдуллаев өңірде кәсіпкерлерді тексеру 660-тан 860-қа дейін өскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдайлар себеп болған. Тексеру ірі кәсіпорындарға 16,7%, орта кәсіпкерлікке 36,2%, ал шағын субъектілерге 8,8% артқаны байқалады. Тіркелген тексерістердің 1,5 мыңнан астамы аяқталып, оның 993-інен заңбұзушылық анықталды, 556 жағдай нақтыланбаған.
Айта кетейік, 2022 жылдың 19 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесмендер кездесті. Онда бизнес құқығын қорғау, кәсіпкерлердің жаңа экономикалық саясатты іске асыруға қатысуы, сондай-ақ шағын және орта бизнесті жүйелі қолдау мәселелері айтылған болатын.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: