Алматылық кәсіпорын сапа саласындағы ТМД сыйлығының жеңімпазы атанды
Алматылық өндірістік-коммерциялық кәсіпорын сапа саласындағы жетістіктері үшін 2021 жылғы ТМД сыйлығымен марапатталды. Байқауға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан 18 компания мен кәсіпорын ұйымдары қатысты.
«КЕЛЕТ» акционерлік қоғамы және компания шығаратын өнімі «Өнім мен қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін» 2021 жылғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Жеңімпаздарды ресми марапаттау 13 шілдеде Ташкентте өтеді.
Өнім мен қызмет көрсетуде сапа саласындағы жетістіктер үшін берілетін ТМД сыйлығы екі жылда бір рет байқау негізінде 2005 жылдан бері беріліп келеді. Жеңімпаздарды ТМД экономикалық кеңесі таңдайды. Байқаудың мақсаты –ТМД кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру.
«КЕЛЕТ» компаниясы үшін бұл алғашқы марапат емес. Кәсіпорын қызметі бірнеше рет беделді отандық және халықаралық марапаттарға ие болған. Олардың ішіндегі ең маңызды сыйлықтар – «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауында бірінші орын, еуропалық деңгейде басқару сапасы мен технологиясы үшін «Алтын» санатында «Еуропа аркасы» байқауы. 2020 жылы компания мен кәсіпорын жылыту, сумен жабдықтау және желдетуге арналған жоғары сапалы жабдық шығарғаны үшін «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының бас жүлдесін алды.
Қазақстандық «Алтын сапа» сыйлығын алғаннан кейін компания басшылығы кәсіпорынның өнім мен қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығына қатысу үшін барлық мүмкіндігі барын ұйғарып, ұжым жеңіске жетуге бел буды.
«Байқауға өтінім мен материалдарды берген соң, компанияға ТМД сарапшылылық комиссиясының өкілдері – Ресей мен Тәжікстаннан сарапшылар келді. Олар шығарылатын өнім өндірісі, ассортименті және сапасымен мұқият танысты. Кәсіпорын ұжымы мәлімделген материалдарға сәйкес презентация дайындады. Құзыретті мамандардың сараптамалық бағалауы негізінде кәсіпорын өз қызметін жетілдіру, бәсекелестік имиджін арттыру және өзінің экспорттық мүмкіндіктерін арттырудың нұсқаларын тауып жатыр», – деді компания өкілі Ольга Малярова.
«КЕЛЕТ» кәсіпорны 1992 жылы Қазақстан мен ТМД-ның ішкі және сыртқы нарықтарындағы өндірістік және коммерциялық қызметті жүргізу үшін құрылған. Өзінің 30 жылдық тарихында акционерлік қоғам жақсы беделге ие болды және Қазақстанның өнеркәсіптік орталарында сапалы жабдықтың сенімді өндірушісі және жеткізушісі ретінде кеңінен танылған. Кәсіпорын «Қазақстанда жасалған» бренді сапалы тауарлардың көрсеткіші ретінде қабылдануы үшін еңбек етіп жатыр.
«Заманауи өндіріс – жоғары сапалы өнім өндірісі. Көптеген компания сапалы тауар шығарып, жоғары стандарт бойынша қызмет көрсетуге тырысады. Өйткені қазіргі тұтынушы өте талапшыл. Осы бағытта «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» байқаулары, ТМД сыйлығы – кәсіпорындарды мықты әрі бәсекеге қабілетті қылатын жаңа деңгей. Біз Алматы бизнесі халықаралық байқауларда лидер атанып жатқанына қуаныштымыз», – деп атап өтті Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Палата директоры «Алтын сапа» сыйлығы және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына өтінімдер 1 шілдеге дейін қабылданатынын еске салды. Байқауға қатысу және номинация шарттары туралы толық ақпаратпен www.altynsapa.kz сайтынан танысуға болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: