«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы: алғашқы жүз күнде 300-ден астам қызмет көрсетілді

2022 жылғы 28 Маусым
- Алматы қаласы
7736 просмотров

Бүгін Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының іске қосылуына  жүз күн толды. Осы уақыт аралығында кәсіп бастағысы келетін қыз-келіншектерге консультациялық көмек, сервистік қызмет көрсетілді, сараптамалық жұмыс жүргізілді.

Орталықтың тынысы туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Алматы қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева әңгімеледі.

 «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкер әйелдерге қаржылай емес қолдауды бұрыннан жүргізіп келеді.  Бұл бағытта Іскер әйелдер кеңесінің үлесі зор. Ал орталықтың ашылуы осы бағыттағы жұмысты тиянақтады. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, оқыту, қажетті біліктіліктерді қалыптастыруға, әйелдердң экономикалық белсенділігін ынталандыруға басымдық беріліп жатыр», – деді Ақеркін Ералиева.

Бұл бастама Азия Даму Банкінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қаражаты есебінен қаржыландырылады, ал «Атамекен» ҚР ҰКП бұл бастаманы жүзеге асыруда.  Айта кетейік, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында Қазақстанның 14 өңірінде ашылды.

  «Орталыққа жүгінетін әйелдер сан алуан, олардың кәсіптегі жолы мен мақсаттары түрлі.   Кәсіп ашу ойында бар қыз-келіншектер, мысалы, сұлулық салоны, кондитерлік цех немесе тігін шеберханасын ашқысы келеді. Ал кәсіпті дөңгелетіп жатқан кәсіпкер әйелдер салық есебін тапсыру, қаржылай қолдау алу, сертификат алу сынды іскерлік мәселелермен келеді. Алайда, менің ойымша, біздің орталығымыздағы ең бастысы нетворкингті дамыту және біліктілікті арттыру», – деді Алматы қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарында қызметтің 7 түрі ұсынылады: кеңес беру, өзекті мәселелерді және әйелдердің қажеттілігін анықтау, кәсіби дағдыларды дамытуға арналған оқыту қызметтері, кооперация, әлеуметтік кәсіпкерлік және инвестиция тарту, бизнесті бағалау және тәлімгерлік, әйелдерге әртүрлі жобаларға қатыса алатыны жайлы ақпарат ұсыну, керек-жабдықтарды шығарушы компаниялардан кеңес алуды ұйымдастыру сынды бағыттар қарастырылған. 

Алматыда Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында үш ай ішінде 345 әйелге қызмет көрсетілді.   

 Әйелдердің құқығы мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту еліміздің 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында да, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарында да ерекше назарға алынған басымдықтың бірі.   Орталықты ашудың негізгі мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің рөлін күшейту.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер