«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлемдік тенденция бүгін баға емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету басты фактор екенін байқатып тұр – Райымбек Баталов

2022 жылғы 27 Маусым
8994 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы және басқарма төрағасы Райымбек Баталов бүгін АӨСШК Іскерлік кеңесіне модератор ретінде қатысып, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты қазіргі тренд ұзақ мерзімді болатынын мәлімдеп, оны 2023 жылдың күн тәртібіне қосуды ұсынды. Бүгін елдордада Astana Finance Days халықаралық конференциясы аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Іскерлік кеңесі мен бизнес форумы өтті. Халықаралық дәрежедегі іс-шара Қазақстанның ұйымдастыруымен өтті.  

 Қазақстан астанасында өтетін шараға АӨСШК-тің барлық 27 елінен Іскерлік кеңесінің мүшелері  шақыру алды. Бүгін залға дипломатиялық корпус, министрліктер мен ведомстволар, халықаралық ұйымдар, ұлттық компаниялар мен бизнестің 100-ден астам өкілі жиналды. АӨСШК үшін 2022 жыл айтулы дата – биыл  ұйым құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бүгін  Іскерлік кеңестің осымен бесінші отырысы өтті. Райымбек Баталов кеңес жұмысын бастап, бұл шара АӨСШК елдерінің бизнес-топтары арасынд түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі үлес қосатынын айтты. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің атқарушы директоры, елші Қайрат Сарыбай алаңның бірегейлігін атап өтті.

 «Дағдарысты жағдайлар өте көп, түйткілді аумақтық даулар, шешімін таппаған жанжалдар бар, осының бәрі тұтастай алғанда халықаралық ынтымақтастыққа теріс әсер етеді. Бұл жерде көлік, транзит жолдары өз алдына бөлек мәселе. Сондықтан, басты міндет – жауапты саясаткерлер айтып жүрген мультилатерализмді үзбеу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту,  осы қақтығыстарды шешуге ықпал ету.  Әрине, барлық мәселені бір мезетте шешіп тастайтын бірде бір халықаралық ұйым жоқ. Бұл ретте АӨСШК форумы сынды алаңдар тіпті дауласып қалған тараптарға жанжалдарды реттеудің ықтимал мәселелері мен әдістерін талқылауға мүмкіндік береді», – деді АӨСШК атқарушы директоры, Елші Қайрат Сарыбай.

АӨСШК-нің цифрландыру, бизнес-процестер және азық-түлік қауіпсіздігін дамыту саласындағы ынтымақтастығының перспективаларына арналған Іскерлік кеңестің бесінші отырысы. Күн тәртібі әлемдік ЖІӨ-нің 50%-дан астамы өндірілетін және жаһандық экономикалық өсудің үштен екісін қамтамасыз ететін АӨСШК кеңістігінде шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін жандандыру бойынша жаңа шешімдерді іздестірудегі жалпы міндеттерге жауап береді, деп атап өтті Райымбек Баталов. Спикер ҰКП-да қазір трансформация кезеңі өтіп жатқанын, оның негізіне клиентке бағдарлану, шағын және орта бизнесті дамыту, салалық сараптамаларды жақсарту салынғанын еске салды. Осы тұрғыда АӨСШК елдері арасындағы цифрлық бизнес-процестердің табысты дамуы ынтымақтастықтың басым бағытына айналып жатыр. Бұл жайт сөзсіз сауда-экономикалық кооперацияны трендке айналдыруға ықпал ететін болады, деп атап өтті Ұлттық палата Төралқа төрағасы.

 Жиынға қатысушылардың пікірінше, пандемия кезінде мемлекеттер қабылдаған цифрлық шешімдер мемлекеттік және жеке секторға локдаун және қатаң шектеу жағдайында жұмысты жалғастыруға мүмкіндік берді. Қазақстанда цифрлық технологияларды енгізу мен дамыту нарықтардың өзгеруіне әкеп, кәсіпкерлерден өздерінің бизнес модельдерін қайта қарастыруды талап етті. Сонымен бірге, цифрлық технологиялар шағын және орта бизнеске шағын мөлшерде кездесетін кейбір құрылымдық кемшіліктерді теңестіруге көмектесетін ерекше артықшылықтарды ұсынды. Райымбек Баталовтың айтуынша, цифрлық технологиялар өсу, инновациялар, интернационализация және жаһандық нарықтарға шығу тұрғысынан осындай кәсіпорындар қызметінің нәтижелеріне оң әсер ете алады.

 Іскерлік кеңес және Бизнес-форум отырысының екінші тақырыбы азық-түлік қауіпсіздігіне арналды.

 «Әлемдік тренд бүгін баға емес, азық- түліктпен қамтамасыз ету басты фактор екенін байқатып тұр, және осы тренд алдағы жылдары ең маңызды болады. Осы жағдайда бізге агроөнеркәсіп кешінін дамыту мәселесіне баса назар аудару керек. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімді экспортының ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Климаттық аймақтар, аумақтық орналасу, сондай-ақ табиғи-ресурстық әлеуеті арқылы Қазақстан жақын арада бүкіл Орта Азия мен Шығыс үшін «Азық-түлік фабрикасына» айналуға барлық алғышарттарға ие», – деп атап өтті Райымбек Баталов.

ҰКП мамандары азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін Іскерлік кеңестің 2023 жылғы күн тәртібіне қосуды ұсынды. Райымбек Баталов, азық-түлікпен қамтамасыз етудің заманауи моделі соңғы жылдардағы барлық сын-қатерлерге жауап бере алмайтынын, осы бағыта проблеманы ушықтырып алу қаупі барын түсіндірді. Егер азық-түлік жүйелері қысқа мерзімді дағдарыстарға соншалықты осал болса, онда елдердің климаттық өзгеріске  байланысты ұзаққа созылатын салдарға дайын емес екенін мойындау керек.

 Ұлттық палата талқыланатын екінші сұрақ ретінде жасыл қаржы және жаңартылатын энергияны ұсынды. Келесі Іскерлік кеңесті өткізу күні ретінде 2023 жылдың қыркүйегі ұсынылды. Сонымен қатар АӨСШК елдерінің бизнес топтары арасында ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайту үшін Райымбек Баталов секторлық іс-шаралар ұйымдастыруды және мемлекеттік және бизнес құрылымдар арасындағы іс-шаралардың форматы мен күнтізбесін пысықтауды ұсынды.

Болашақта АӨСШК мүшелеріне салалық делегациялардың сапарларын ұйымдастыру және қабылдаушы елдегі белгілі бір саланың негізгі орындарына турлар өткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.  Мысалы, АӨСШК елдерінің өнеркәсібін дамыту ұйымдарының машина жасау, тоқыма, тамақ өнімдері және басқа салалардағы жетекші жоғары технологиялық кәсіпорындарға сапарлары. Немесе АӨСШК елдерінің туризмді дамыту агенттіктеріне бару және жылына бір рет түрлі елдерде емдеу-сауықтыру, білім беру, спорттық, экстремалды және басқа да турларды өткізу.

Осымен Іскерлік кеңестің отырысы жетінші рет, Бизнес-форум бесінші рет өтті. Қазақстан 2020-2022 жылдар аралығында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық етіп жатыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер