«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Startup Day» аясында жас кәсіпкерлер үздік жобаларын таныстырды

2022 жылғы 23 Маусым
- Алматы қаласы
6208 просмотров

Өскелең ұрпақтың кәсіпкерлік бастамалары мен бизнес дағдыларын қолдау және дамыту мақсатында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ХБА колледжі базасында «Startup Day» өтті. Үздік жобаларды Халықаралық бизнес академиясы колледжінің студенттері таныстырады.

 Шара басында студенттер «Qaynar Bulaq» коворкинг орталығында өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Көрме креативтілік пен түрлі идеяларға толы болды. Ішінде тосынсыйы бар шамдардан бастап, тафтинг технологиясымен тоқылған авторлық кілемдерге дейін бәрін балалар өздері жасаған.

 «Біз студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытумен айналысамыз. Біз үшін бұл өте маңызды. Кәсіпкерлік дағдыларды дамыту шеңберінде түрлі іс-шаралар өткіземіз. Біз «Мен кәсіпкермін» республикалық байқауының белсенді қатысушыларымыз, онда балаларымыз үнемі жүлделі орындарға ие болады. Биыл байқауға еліміздің 145 колледжінен 250-ден астам жоба қатысты. Осындай ауқымды байқауларға дайындалу үшін біз «Startup Day» күнін өткіземіз. Бұл күні біз тәлімгерлерді, тренерлерді шақырамыз. Олар болашақ кәсіпкерлерге кеңес береді. Мұндай өзара іс-қимыл жобаларды іске асыруда өте тиімді», – деп атап өтті ХБА колледжінің директоры Альфия Хисматуллина.

ХБА колледжі 2010 жылы Қазақстандағы ең үздік бизнес жоғары оқу орындарының бірі саналатын AlmaU университетінің негізінде құрылды.

«Біздің колледжде Студенттердің кәсіпкерлік белсенділігін дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Колледж қабырғасында балалар базалық білімдерден басқа, нағыз бизнес-жобаларды іске қосуды үйренеді. Студент өзінің хоббиін, идеясын, шеберлігін, идеясын дамытуға үйренеді, бизнес-жоспар жазады, жобаны таныстырады және оны табысқа айналдырады. Барлық осы кезеңдерде оларды колледж жанындағы кәсіпкерлік мектебі сүйемелдейді. Өз жобасын дамыта отырып, студент қоғаммен қарым-қатынас жасауды үйренеді, өзінің шешендік дағдыларын дамытады», – деді колледждің кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Сәбит Тасжарғанов.

 Әрі қарай студенттер өз әзірлемелерін таныстырды. Интернет дүкендерді сату және жүргізу саласында «vnutri svechki» жобалары, сурет сату бойынша үш жоба, plenka_anticvariat «Антиквариат» интернет дүкені, «Almaty Rugs» түрлі дизайнмен тафтингтік кілемдері, «almaty.gift.box», велосипедтерді жалға беру «Favorite». Сондай-ақ, «Paradise» демалыс аймағы» жобасы, «artemmarketolog» маркетингі және кәсіби роликтер мен клиптер әзірлейтін мобилография саласындағы жобалар көрсетілді.

Әлеуметтік негізі бар жобалар ерекше атап өтілді. Милана Левченконың жануарларға деген сүйіспеншілігі үлкен жұмысқа айналды. Милана «Котопес» үйсіз жануарлар қоғамдық қорының волонтері. Бүгінгі таңда қорда көшеден табылған жүзден астам мысық пен 30-ға жуық ит бар. Қор жануарларды уақытша ұстауға алады, содан кейін емдеп, олар үшін жаңа иелерді іздейді.

 «Prom.Arts жобасы мүмкіндігі шектеулі балалар салған суреттерді және суретшілердің жұмыстарын насихаттайды. Көрмелер мен аукциондарды ұйымдастырады. Ал Татарова Севиль экологияға алаңдайды. Колледж студенті эко қарындаштар ойлап тапты. Басты идея – өсімдіктің тұқымы қарындашқа салынады. Эко қарындаш қолдануға жарамсыз болған кезде, оны топыраққа қадап қойса, бір аптадан кейін капсуладан өсімдік  өсіп шығады.

Студенттік әзірлемелердің таныстырылымынан кейін жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер балаларға арналған семинарлар, шеберлік сабақтарын өткізді. Суретшілер одағының мүшесі Гауһар Қасенбай қыш өнері бойынша шеберлік сабағын өткізіп, кәдесый бұйымдарын қалай безендіруге болатынын көрсетті. Кәсіпкер, «Оранж» гүл дүкендер желісінің директоры Абай Аймухамбетов тауарларды ілгерілету туралы айтты. Ресейлік жазушы, блогер Екатерина Андрусевич «Тартылыс нүктесі» шеберлік сабағын өткізіп, онда бизнесті жүргізуде өз блогын жүргізудің маңыздылығы туралы айтты.

 Іс-шара соңында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ақеркін Ералиева студенттік жобалардың маңызын атап өтті.

«Кәсіпкерлікте өзіңді сынап көру – кез келген жағдайда жақсы тәжірибе. Ең бастысы, сіз өзіңізге жаңа нәрсе ашасыз, жаңа қабілеттерді дамытасыз, мүмкін сізге жаңа идеялар келеді. Кәсіп жолында ең табысты немесе ең бай болу міндетті емес. Ең бастысы – осы жолмен жүру. Бүгін сіздердің бастамаларыңыз бен жобаларыңыз бізді таң қалдырды. Өзіңе сенсең өмірде бәрі де мүмкін. Сіздердің әрқайсыңызға табыс тілеймін»,– деді Ақеркін Ералиева.

Стартапшыларға Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының атынан алғыс хаттар табыс етілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер