«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жетісу және Алматы облысы Кәсіпкерлер палаталарының директорлары тағайындалды

2022 жылғы 20 Маусым
- Жетісу облысы
7324 просмотров

Бүгін Алматы облысының Өңірлік кеңесі Жетісу және Алматы облысы өкілдіктері басшыларының кандидатураларын келісіп, бекітті.

Меритократия қағидаты бойынша Жетісу облысы өкілдігінің директоры болып Алматы облысы ӨКП бұрынғы басшысы Дәурен Оңалбаев, Алматы облысы өкілдігінің басшысы болып ҰКП Агроөнеркәсіп кешен департаменті директорының орынбасары Қуандық Чункунов тағайындалды.

«Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың Талдықорған қаласындағы Алматы облысы Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесуі барысында кандидатуралар қаралып, бірауыздан қолдау тапты.

«Екі үміткер де өте тәжірибелі, жауапты лауазымға ие болуға лайық. Біз Дәурен Оңалбаевтың жұмыс нәтижесімен таныспыз, өңірлік палатаны басқарды. Қуандық Чункуновтың ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар екені қуантады, Төралқа төрағасы тарапынан жақсы ұсыным айтылды. Өйткені, жаңадан құрылған Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенді де дамыту қажет. Алматы айналасындағы азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету міндеті тұр», - деді алдағы жұмыстарына табыс тілей отырып Өңірлік кеңес мүшесі Бақыт Атайбеков.

Еске салайық, 2022 жылдың 8 маусымында ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы күшіне енді. Нәтижесінде жаңадан құрылған өңірлерде Кәсіпкерлер палаталары ашылып жатыр. Жаңа өңірлік палаталарды құру Съездің айрықша құзыреті болған соң, оны өткізгенге дейін Қонаев қаласында ҰКП өкілдігі жұмыс істейді.

«Бұл сұрақты заңгерлермен және Әділет министрлігімен талқыладық. Кәсіпкерлер палатасының қызметін үзбеу үшін Алматы облысының Өңірлік палатасын Жетісу облысы деп қайта атау және Алматы облысының Қонаев қаласында ҰКП өкілдігін құру туралы шешім қабылданды. Бүгін облыс әкімдерімен кездесуде осы мәселелер бойынша міндеттерді айқындайтын боламыз», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов.

Райымбек Баталов Жетісу облыстық ӨКП басшысы Дәурен Оңалбаевты облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа таныстырды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесу барысында ҰКП өкілдігінің басшысы Қуандық Чункунов таныстырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер