Шеберлерге шабыт сыйлаған фестиваль
Бүгін Алматы қаласының төрінде «Шабыт шеберлері» фестивалі басталды. Мәдени іс-шараға 100-ден аса қолөнер шебері қатысып, өнерлерін ортаға салды.
«Мұндай мәдени шараның барлық тарапқа пайдасы зор. Қолөнер шеберлері бұйымдарын көрсетуге мүмкіндік алса, көрме қонақтары зергерлік бұйымдар мен киім-кешек, тоқыма өнімдері, ойыншықтар, суреттер, кәдесыйларды өндіруші ұсынған арзан бағада сатып ала алды. Жалпы қолөнерді дамыту арқылы жаңа кәсіп көздері ашылады, демек отандық жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті өседі, жаңа жұмыс орындары құрылады. Қала экономикасы дамиды», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аскербек Насамбаев.
Ұйымдастырушы Гүлшарат Жұбаеваның айтуынша, «Шабыт шеберлері» фестиваліне қатысушылардың көбі жұмыссыз отырған, декреттегі қыз-келіншектер екен.
«Тігіншілікті өзіміз оқытамыз. Әйелдерге тігуді үйретумен қатар, дайын өнімді сатуды үйретуіміз керек. Көп әйелдер, мысалы үйде отырып тігеді, бірақ оны қайда шығарарын білмейді. Осы бағытта қолдау көрсетеміз. Осындай кішкенталай бастамалардан шеберлер саны артып, уақыт өте келе фестивальға ұласты. Бұл өтіп жатқан алғашқы фестиваль. Кейін өзі шебер, өзі кәсіпкер қыз-келіншектердің қауымдастығын құруды көздейміз. Осылайша ішкі өнеркәсіпті масштабты ұлғайтқымыз келеді. Сондықтан қазақстандықтарды базардан шетелдік өнімдерді емес, отандық өнімді алуға шақырамыз», – деді «Шабыт шеберлері» фестивалінің ұйымдастырушысы, кәсіпкер Гүлшарат Жұбаева.
Фестиваль аясында өткен көрмеде қолөнер шеберлері өз өнімдерін таныстырды. Көрмеде арнайы комиссия ең үздік өнімді таңдап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Шара барысында қатысушыларды жекелей таныстыру үшін қызыл кілемде шеберлердің шеруі ұйымдастырылды.
«Байқауда біз жұмыстың сапасына, дайындалуына, көлеміне мән бердік. Жүзден аса қатысушыдан таңдау жасау қиынға соқты. Бүгін бүкіл қазақтың шебер қыздарын ұйымдастырып, ұйыстырып, Гүлшарат Жұбаева үлкен іс жасап отыр. Шебер қыздарымыздың қолына барлығы келеді, оған көрмедегі бұйымдар дәлел. Мемлекетіміздегі бүкіл грант, қолдау осы шебер қыздарға көрсетілсе, ұлттық жеңіл өнеркәсіп те, экономика да дамиды», – деді «Игілік» республикалық жанұялық журналдың бас редакторы Меруерт Айтенова.
Көрме мен байқаудан кейін фестиваль аясында эстрада жұлдыздары, сонымен қатар балалар үйлерінің талантты тәрбиленушілердің қатысуымен әсерлі концерт өтті. Фестиваль 18-19 маусым өтеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: