«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Балабақшаны лицензиялау керек пе: мамандардың пікірі екіге бөлінді

2022 жылғы 17 Маусым
- Қызылорда облысы
12292 просмотров

Қызылордада жеке балабақша иелері Кәсіпкерлер палатасының алаңында бас қосып, балабақшаны лицензиялауға қатысты пікірлерін білдірді. Бір топ лицензия керек десе, екіншісі оның шығыны мен тәуекелдері көп дегенді айтты.

Шараға Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мырзағалиева, «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Наталья Мишукова, облыстық білім басқармасының өкілі және жеке балабақша құрылтайшылары қатысты.

Жақында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту туралы пікірін жазып, министрліктің лицензияны қайтару бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде жеке балабақша иелері уәкілетті мемлекеттік орган басшысының пікірін қызу талқылап, алаңдаушылық білдірді.

«Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Наталья Мишукова лицензияны қайтадан енгізу мәселені түбегейлі шешпейді деген пікір білдірді.

«Осыдан он жыл бұрын елімізде балабақшалар жетіспеген кезде мемлекет «Балапан» бағдарламасын қабылдап, лицензияны алып тастады. Нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Балалар мектепке дейінгі ұйыммен толық қамтылды. Енді жағдай оңалғанда Оқу-ағарту министрлігі лицензияны енгізіп, жеке балабақшалар санын қысқартпақ. Мұны қалай түсінуге болады», – деді қауымдастықтың облыстағы өкілі Наталья Мишукова.

Кәсіпкерлердің мектепке дейінгі ұйым мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан атап өтті.

«Қазір тек Қызылорда облысы бойынша 667 мектепке дейінгі білім беру ұйымы болса, оның 415-і, яғни 62 пайызы – жеке балабақшалар. Министрліктің ұсынып отырған қадамы кәсіпкерлерге қандай қиындықтар мен кедергілер тудыруы мүмкін? Мәселені шешудің қандай жолдары бар?Осы сұрақтарды талқылау үшін жиналдық», – деді Салават Құлмахан.

Наталья Мишукова балалардың қауіпсіздігі мен оларға жасалатын жағдайдың дұрыс болуына кәсіпкерлер де мүдделі екенін атап өтті. Талаптарға сай жұмыс істемейтін жеке ұйымдар кездессе, заң аясында жауап бергенін қалайды. Алайда бар мәселені лицензияға әкеліп тіреп қоюға қарсы.

«Біз министрліктің осы жылы енгізген балабақшаларды аттестациядан өткізу туралы бастамасымен келістік. Облысымыздағы мемлекеттік балабақшалардың 51 пайызы аттестациядан өтпей қалды. Бұл нені білдіреді? Мәселе тек жеке балабақшада ғана ма? Аттестациядан өтпеген балабақшалар жабылуы керек екенін ескерсек, бір ғана Қызылорда облысында мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның жартысынан астамы жұмысын тоқтатуы керек. Ал қазір бұл балабақшалар жұмыс істеп жатыр», – деді Наталья Мишукова.

Төрайым лицензиядан бұрын мемлекет балабақшаларда жұмыс істейтін маман тапшылығын жоюға, олардың біліктілігін, жалақысын көтеруге қолдау көрсетуін сұрап отыр.

Маман тапшылығы, сондай-ақ мамандардың біліктілігіне қатысты проблеманың бар екенін «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қайырымдылық сауықтыру және тәрбиелеу үйі» мекемесінің құрылтайшысы Анар Ізден атап өтті. Ол балаларға мектепке дейін тәрбие беретін ұйымдарды лицензиялау керек деген пікірде.

«Алкагольдік ішімдіктерді сату, құрылыс материалдарын шығару үшін лицензия керек, ал білім сатысындағы ең басты кезеңді лицензияламау керек дегенді түсінбеймін. Балабақшадан өзге қосымша білім беру ұйымдары да лицензия алу керек. Лицензияға қарсы әріптестерімді де түсінемін. Лицензиялау міндеттелген жағдайда жұмыс қалай ұйымдастырылады? Саладағы жемқорлық сипатындағы тәуекелдер көп болғандықтан, кәсіпкерлердің басым көпшілігін мәселенің осы жағы көбірек мазалайды. Екінші маңызды проблема, жеке балабақшаларда санаты бар мамандар жоқтың қасы. Ал лицензия алуда қойылатын негізгі талаптардың бірі осы», – деді Анар Ізден.

Анар Ізден мемлекеттік балабақша мамандары мемлекет қаржысымен оқып жатқанда, жеке балабақша иелері мамандардың біліктілігін арттыру үшін өз қаржысына оқытуға мәжбүр екенін атап өтті. Ол мемлекет балабақша мәселесіне келгенде жеке немесе мемлекеттік деп бөлмей, бірдей жағдай жасауын сұрайды. Сонымен бірге, балабақша жұмысының сапасын қамтамасыз ету жолдарын нақты айқындау керек деген ұстанымда. Ол үшін министрлік және жергілікті жерлерде облыстық білім басқармалары жанынан арнайы кеңес құрып, балабақшаларды лицензиялаудағы нормативтік құжаттарды зерделеуді, жеке балабақшалар жабылуға мәжбүр болған жағдайда мектепке дейінгі білім берумен қамту көлемінің азайып кетпеуін қадағалап, жұмыссыздық секілді шиеленіс ошағын тудыратын мәселелерді шешіп алуды ұсынды.

Кездесуде жеке балабақша иелері салаға қатысты бұдан өзге де мәселелерді ортаға салды. Ол облыста мемлекеттік субсидияның тек үш жасқа толған балаларға берілетініне (2 жастан бастап беретін өңірлер де бар – авт.), субсидия толық төленбейтініне, сондай-ақ жолдама берудегі проблемаларға тоқталды.

Жиын соңында Палата директорының орынбасары Салават Құлмахан айтылған ұсыныстарды жинақтап, «Атамекеннің» Орталық аппаратына жолданатынын, әрі қарай барлық облыстан берілген ұсыныс негізінде министрлікке Ұлттық палата позициясы ұсынылатынын жеткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер