ArtSport бағдарламасына қатысатын кәсіпкерлер жұмысын тоқтатты – «Атамекен»
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің қатысуымен спорттық және шығармашылық тапсырысты іске асыруға қатысты жағдайды түсіндіру бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Талқылауға 200-ге жуық кәсіпкер, қауымдастықтар, ҰКП орталық кеңсесі мен өңірлік палаталарының өкілдері қатысты.
Қоғамдық тыңдау барысында Қазақстанда ArtSport бағдарламасы толық ауқымда қайтадан іске аспайынша, кәсіпкерлердің мәдениет және спорт министрлігіне қатысты наразылығы толастамайтыны байқалды. Осы нишаға мемлекеттің шақыруымен қосылған бизнес жұмыссыз қалды – өңірлердегі қаржыландыру тоқтады.
«Кәсіпкерлер тарапынан наразылық бар, олар қоңырау шалып, хат жазып, сұрақтар қойып жатыр. Олар ваучер лимитінің жоспарлы азаюына, құнының төмендеуіне қатысты алаңдайды», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Айдана Тоғызбаева.
Мәдениет және спорт министрлігі проблема бар екенін мойындайды, бірақ әлі күнге дейін оңтайлы шешім қабылданған жоқ. Бағдарлама болашағына қатысты барлық нұсқа әлі талқылау үстінде Ведомство өкілдері сұраныс ұсыныстан едәуір асып түскенімен келіседі. Қазіргі кезде қаржыландыру тоқтатылды және бағдарламаға тіркелген балалардың үйірмесін қаржыландыруда да қиындықтар бар.
«Мәдениет және спорт министрлігі жұмысты жақсы бастады. Бірақ оны әр қарай іске асыра алмады. Сіздер әкімдіктердің айтқанынан шыға алмайсыздар, балалардың құқығы тапталғаны туралы жоғары деңгейде айтуыңыз керек. Балалардың құқығын қорғай алмасаңыз, отставкаға кетіп, басқа адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіз. БҒМ мәліметтері бойынша қазіргі кезде бағдарламамен 2,5 млн бала үйірмелерге барып жүр. Осы балалардың барлығы қатысып жатыр ма?», – деп мәлімдеді қызмет көрсетуші Қуат Ерғалиев.
Мәдениет және спорт министрлігінің деректері бойынша, бүгін қоғамдық тыңдау кезінде өңірлерде қосымша қаражат табуға тырысып жатқаны айтылды. Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітованың мәліметінше, шамамен 9 млрд теңге бөлу мүмкіндігі расталды.
Трансферт мәселесі экономика министрлігімен бірлесіп пысықталып жатыр. Сонымен қатар ведомство мамандарының айтуынша, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет болады. Мысалы, әдістемеге тиіспеу бойынша шешім қабылданды, жалдау бойынша ғана түзетулер бар (бұрын бір жылдан кем емес мерзім болса, қазір 10 айға дейін жасалды). Бизнес өкілдері кәсіпкерлер қаражаттың аяқталғанына кінәлі емес екенін түсіндіріп, мемлекеттік органдардан оларды жазаламауды талап етті. Қосымша сертификаттау бойынша да сұрақтар бар.
«Бюджет бойынша қосымша қаржыландыруды қолдамаған өңірлер бар. Мәдениет министрлігі бюджетке жауап бере алмайды, бұл біздің құзыретіміз емес. Біз бағдарламаға қол жеткізуді қамтамасыз етеміз. Біздің міндетіміз жеткізушілерді жұмыспен қамту емес, балаларға сапалы үйірмелер ұсыну», – деп атап өтті Күміс Сейітова.
Қаржыландырудың сәтсіздігі туралы ведомство кәсіпкерлердің күмәнін тудыратын тағы бір дәлел келтірді: ақпараттық портал дұрыс жұмыс істемей, жағдайды қиындатқанын алға тартты. Кәсіпкерлер палатасының бұл мәселедегі позициясы – осы бағдарламаға сеніп, қатысқан, үйірме залдарын жалға алып, барлық қиындыққа қарамастан балалармен жұмыс істеп жатқан жеткізушілерді қолдау ретінде айқындалады. ҰКП әрбір жеткізуші, әрбір ата-ана мен баланы қорғай отырып, тек заң тұрғысындажұмыс істеуге ниетті екенін атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: