Мектеп асханалары каникул кезінде де жалдау құнын төлеуге мәжбүр – «Атамекен»
Мемлекеттік мектептер мен колледждерде асханада қызмет көрсететін кәсіпкерлердің бір бөлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінді. Олар жазғы каникул кезінде, мұғалімдер еңбек демалысына шыққан уақытта жалдау ақысын төлеуге мәжбүр екенін мәлімдеді.
Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік мүлікті жалға беру қағидаларына қатысты ұжымдық өтінім келіп түсті.
Қағидалардың 49-тармағында жалға берілетін орынжайдың жалдау құны мөлшерін есептеу оқу жылына ғана жүргізілетіні жазылған. Ол үшін орта білім беру ұйымдарының оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы келісімшарты бар жеткізушінің жазбаша өтінімі қажет. Сонда ғана мектептер мен мемлекеттік колледждерде асханада қызмет көрсететін кәсіпкерлер балалар демалыста болған жазғы кезеңде жалдау құнын төлеуден босатылады. Айта кетейік, асханаларға арналған орынжайлар орта білім беретін мемлекеттік заңды тұлғалардың қарауына берілген.
«Қағидаға сәйкес, тендерді жеңіп, орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік мүлікті жалға алу келісімшарты бар кәсіпкерлер оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу туралы келісімшартқа қол қоймаса, осындай мемлекеттік қолдау шараларынан қағылады», – деп атап өтті ҰКП сарапшылары.
Қызметтерді сатып алу туралы келісімшарты жоқ кәсіпкерлердің де жалдау ақысы, салық, коммуналдық төлемдер және басқа да шығындары бар. Есесіне, олар жазғы кезеңде асхананы жалдау құнын төлеуге мәжбүр. Оның үстіне, төтенше жағдай мен карантин салдары білім беру ұйымдарындағы кәсіпкерлерді шығынға батырды.
Ұлттық палата мамандары Кәсіпкерлік кодексінің 2-бабы 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік органдардың жекелеген кәсіпкерлік субъектілерге артықшылықты жағдай белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдауына тыйым салынатынын айтты. «Атамекен» ҰКП Ұлттық экономика министрлігіне қағидалардың 49-тармағына тиісті толықтырулар енгізуді және оны мынадай редакцияда жазуды сұрап, ресми түрде хат жолданғанын хабарлайды:
«Орта білім берудің мемлекеттік заңды тұлғаларындағы мүлікті жалдауға (жалға алуға) берілетін орынжайларды жалдау ақысының мөлшерлемесін есептеу – орта білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы келісімшарты бар жеткізушнің өтінім беруі, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы келісімшарт жасамай жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің өтінім беруі кезінде оқу жылына ғана жүргізіледі».
«Егер мемлекеттік органдар бұл өзгерістерді мақұлдаса, сонда кәсіпкерлер жазғы кезеңде жалдау құнын төлеуден босатылады», – деді ҰКП мамандары.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: