Дивидендтер бойынша орта және ірі бизнеске арналған жеңілдіктерді алып тастау кәсіпкерліктің дамуына кедергі – Ұлттық палата
Бүгін Парламент Мәжілісі отырысында екінші оқылымда, шұғыл заң жобасы аясында Салық кодексіне түзетулер қабылданды. Бұл түзетулер шағын және орта бизнес субъектілері үшін дивидендтерді салық салудан босату түріндегі жеңілдіктерді алып тастауды көздейді.
Депутаттар Ұлттық палатаның шағын бизнес субъектілері үшін дивидендтерді салық салудан босату түріндегі жеңілдіктерді сақтауға қатысты позициясын ғана қолдады. Депутаттар жеке тұлғалардың дивиденттер түріндегі 30 000 АЕК-тен (шамамен 96 млн теңге) аспайтын табысын салықтан босату туралы түзету енгізді.
Бұдан басқа, Мәжіліс депутаттары Қазақстан қор биржасы және «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген қор биржасының ресми тізіміндегі бағалы қағаздар бойынша алынған дивидендтерге салық салу бойынша жеңілдіктерді сақтап қалды (белсенді сауда-саттық жүргізілген жағдайда). Осылайша, 2023 жылдан бастап резидент еместер мен жеке тұлғаларға төленетін дивидендтер (егер дивидендтер сомасы 30 000 АЕК-тен асатын болса) бойынша жеңілдіктер алынып тасталады.
Ұлттық палата мамандары Салық кодексіне енгізілген түзетулерге қатысты пікір білдіріп, түзетулер қабылдануы отандық шағын және орта бизенске теріс әсер етуі мүмкін екенін және енгізуге неғұрлым жүйелі қарау қажеттігін атап өтті.
«Бұл түзетулер шағын бизнесті дамуға, орта санатқа ауысуға ынталандырмауы мүмкін. Бұл отандық бизнесті қолдаудың мемлекеттік саясатына қайшы келеді. Өзгерістер орта бизнесті бөлшектенуге және көлеңкеге кетуге мәжбүр етеді, осылайша «адал» бизнес «сұр» аймаққа ығысуы мүмкін. Жаңа өндірісті дамытуға кірісті қайта инвестициялау қаупі төнуі мүмкін, кәсіпкерлер өндірісті кеңейту жұмысын тоқтатады», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов. Спикер заң жобасын әзірлеуде енгізілген нормалардан күтілетін әсерді негіздейтін қандай да бір есептеу таныстырылмағанын айтты.
«Атамекен» ҰКП дивидендтерді салық салудан босату түріндегі жеңілдікті алып тастауға қатысты ұсынысқа қарсы. ҰКП есептеулері бойынша, мысалы, кәсіпкер өз басқаруындағы компанияға үш жылдан астам уақыт жетекшілік етсе, жекелеген шарттар орындалатын болса, онда дивидендтерге салық салынбайды. Компания табысына 20% көлемінде корпоративті табыс салығы салынады да құрылтайшы-кәсіпкер өз табысын дивидендтер арқылы алады. Егер кәсіпкерлердің дивидендтеріне 10% салық салынатын болса, онда іс жүзінде мұндай табысқа жалпы сомада 30% салық салынады.
ҰКП мамандары бұл норма кәсіпкерге салынатын салық жүктемені артырып, инвестициялардың тиімділігі мен Қазақстанның инвесторлар үшін тартымдылығын төмендетінін атап өтті. Еске салсақ, заң жобасында ірі бизнес және ШОБ субъектілерінің кәсіпкерлік қызметі нәтижесінде алынған құрылтайшылар, қатысушылар, акционерлердің дивидендтері түріндегі табысын салық салудан босатуды алып тастау көзделген.
Заң жобасында қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен ШОБ-тың мүліктік шығынын өтеу барысында салынатын салық мәселесі реттелген. Залалды өтеу үшін бюджет немесе қорлардан ақшалай қаражат алған кезде сомаға салық салынбайды. Бұдан басқа, төтенше жағдай кезінде бұлінген, жоғалған тауарлар бойынша бұрын есепке жатқызылған ҚҚС-ті түзету бөлігінде ерекше ереже қарастырылған.
Сонымен қатар заң жобасында тау-кен секторына салық салу, цифрлық майнинг, темекі өнімдеріне арналған акциздер мөлшерлемелерін өзгерту және басқа да бірқатар мәселеге қатысты өзгерістер мен толықтырулар көзделген. Жалпы, Мәжіліс депутаттары заң жобасын талқылау аясында қосымша құн салығын есепке алу әдісімен төленетін тауарлар тізбесін кеңейтті. Тізбеге пестицидтер, барлық түрдегі асыл тұқымды мал және қолдан ұрықтандыруға арналған жабдықтар мен тірі ірі қара мал енгізілді; шегерімге жатпайтын бейрезидент үлестес тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтердің тізбесі түзетілді. Атап айтқанда, ақпаратты ұсыну немесе өңдеу, ақпараттандыру объектілеріне және интернет-ресурстарға қол жеткізу, техникалық қызмет көрсету, бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту бойынша көрсетілетін қызметтер алынып тасталды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: