«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шаруалар несиенің мөлшерлемесіне субсидия ала алмай отыр – Ұлттық палата

2022 жылғы 01 Маусым
6332 просмотров

Дереккөз: Pixabay.com

Елдегі бірқатар өңірдің шаруалары несиенің сыйақы мөлшерлемесінің мемлекет беретін субсидиясын ала алмай әлек. Қазынашылық комитеті арнайы есепшот ашу керек десе, Ауыл шаруашылығы министрлігі қажет емес дейді. Екі мемлекеттік органның талабы әртүрлі. Олар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мәселені шешіп беруді сұрап, шағымданды.

Ұлттық палата алаңында несие беру ұйымдары, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚМ Қазынашылық комитетінің өкілдері жиналып, шаруалардың проблемасын талқылады.

«Атамекен» ҰКПа Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеев шаруалар несие мөлшерлемесіне субсидияны әр өңірде әртүрлі жолмен алып, ал бірқатар аймақта екі айдан бері мүлдем қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Сарапшы АШМ және Қазынашылық комитет өкілдерінен мәселенің мәнін түсіндіруді сұрады.

«Бірнеше аймақта, оның ішінде Ақмола, Қызылорда, Қарағанды облыстарында техникалық проблемалардың салдарынан шаруалар мөлшерлеменің субсидиясын алмады. Оның бірі Қазынышылық комитетінің талаптарына қатысты. Яғни олар операторлар үшін қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашуды талап етеді. Басқа өңірлерде бұл субсидияны алу басқаша жүзеге асырылып келеді», - деп бастады жиынды Палата өкілі.

Кредиттік серіктестіктер қауымдастығының өкілі Алмира Сағатова мөлшерлемені субсидиялау ережесінде Қазынашылықта шот ашуы керек, яғни қаржылай не қаржылай емес қолдау операторы кім екенін анықтайтын түсініктеме жоғын атап өтті.

«Біздің несиелік ұйымдар осы уақытқа дейін еш кедергісіз екінші деңгейлі банктерде ашылған есепшот арқылы жұмыс жүргізетін. Дегенмен әр аймақта әртүрлі жүйе. Бір өңірде екінші деңгейлі банктің арнайы есепшотына, екінші бір өңірде басқа шотқа аударылады. Бір өңірде талап етеді, бір өңірде жоқ», – деді Алмира Сағатова.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Жанар Маханованың түсіндіруінше,  АШМ бюджеттік бағдарламаның әкімгері. Ведомство сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидалары бойынша операторлар ретінде ешқандай мекемені бекітпеген.

«Оператор функциясын ауыл шаруашылығы басқармасы атқарады, солар есепшот ашады. Қаржы институттары бұл жағдайда оператор бола алмайды. Сол себепті қаржы мекемелеріне «мынадай операторлар» деген тізім жіберілген жоқ. Біздің ережелерге сәйкес, несие мөлшерлемесіне субсидия банктегі арнайы есепшотқа жіберіледі», – деді АШМ өкілі.

Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің өкілі Батима Бейсенова Бюджет кодексіне сәйкес, АШМ басқармалары қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын аша алмайтынын айтты. Осылайша, мемлекеттік органдардың талабы екіге бөлінді.

Ербол Есенеев тараптардың пікірін тыңдап, мәселені шұғыл шешу керегін айтты. Себебі мемлекеттік органдардың техникалық қателігінен фермерлердің субсидия алуы ұзаққа созылуы мүмкін. Құзырлы органдардың өкілдері проблеманы әрі қарай  жұмыс тәртібінде шешуге келісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер