«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Зейнетақы қорына қосымша 5% салу заңсыз жұмыскерлерді артыруы мүмкін

2022 жылғы 23 Мамыр
8907 просмотров

2023 жылдан бастап жұмыс берушілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз қаражатынан қызметкердің табысының 5%-ы мөлшерінде жарна аударатын болады. ҰКП мамандары осы норманың қандай қауіп-қатері барын айтты.

Жұмыс берушілер есебінен міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі. Бұл жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады және қызметкерлердің табысынан ұсталмайтын төлем.

 Бүгін Қазақстанда еңбекақы қорына салынған жүктеме үлкен. Қазіргі кезде жұмыс беруші әр жалдамалы жұмысшыға салық агенті ретінде бес түрлі төлем  жасайды. Атап айтқанда жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорларына жарналар төлейді.  Жалпы жүктеме 34%-ды құрайды. Ал Зейнетақы қорына қосымша 5% салу еңбекақы қорына жүктемені 41%-ға дейін өсіреді.

 Мұндай норма салдарынан жұмыс берушілер жұмыскерлердің нақты табысын жасырып, көлеңкеде жұмыс істей бастайды. ҰКП Жұмыспен қамту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева салықтардың өсуі кәсіпкерлердің бір бөлігін барлық мүмкін және қол жетімді тәсілдермен шығындарды барынша қысқартуға мәжбүр ететінін атап өтті. Ауыртпалықты төмендетудің бір жолы – қызметкерлердің еңбекақысын 5%-ға төмендету. Бірақ бұл шара әлеуметтік шиеленісті тудыруы мүмкін.

«БЖЗҚ басты міндетінің бірі – халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту. Алайда ұсынылған шара бұл мақсатты шешпейді. Алдын ала мәліметтер бойынша, 8,8 млн жұмыспен қамтылған азаматтың 4 млн-ға жуығы бейресми жұмыспен қамтылған. Олардың бір бөлігінің несиесі басынан асады және коллекторлар мен сот орындаушыларының салдарынан табыстарын жасырып, еңбекақысын конвертпен алады. Сондай-ақ зейнетақы төлемдерінің ұлғаюы болашақта бұл қызметкерлерді көлеңкеден шығуға мәжбүрлей алмайды», – деді Айдана Тоғызбаева.

 Бұдан бөлек, жаңа норманың шартты-жинақтау қағидаты капиталдандырудың болмауы, зейнетақы жарналарын мұра етпеу және оларды ағымдағы зейнетақыларды төлеуге жұмсау бөлігінде еңбекақы мәнін өзгертеді және жұмыскерлерді ынталандырмайды.

 Сәйкес заң 2015 жылдың 2 тамызында қабылданған. Бұл жүйені 2018 жылы енгізу жоспарланған, бірақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген соң норманы кейінге шегерді. Ұлттық палата 2014 жылы Жұмыс берушінің мідетті зейнетақы жарнасын енгізу туралы ережені кеңінен талқылауды ұйымдастырды. Салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлердің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізілді және ЖМЗЖ енгізу мәселесі бойынша теріс қорытынды шығарылған.

«Кейін осы түзетулерді енгізу мерзімі 2020 жылға қалдырылды. Осы мерзімді норманы қабылдаған кезде Президент жұмыс тобын құрып, зейнетақы жүйесін қайта қарауға оралуды тапсырды. Алайда бұл тапсырма толық орындалмады. ЖМЗЖ енгізу туралы норма Әлеуметтік кодекс жобасының тұжырымдамасында да қарастырылған. Оған «Атамекен» кезекті рет теріс қорытынды берді», – деп атап өтті сарапшы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер