«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығындағы субсидия мәселелерін талқылады

2022 жылғы 20 Мамыр
6702 просмотров

Бүгін еліміздің агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында фермерлер, мемлекеттік органдар, құқыққорғау органдары және Ұлттық палата өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ескертулерінің негізінде жасалған Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидия бөлу саласындағы ұсыныстарын талқылады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің талдауының нәтижесінде соңғы 5 жылда мемлекет ауыл шаруашылығын қолдау үшін қайтарымсыз негізде 2 трлн теңге бөлген. Ал АӨК саласындағы қылмыстың салдарынан мемлекетке 5,9 млрд теңге материалдық шығын келтірілген. Оның ішінде 0,2% субсидия бөлу саласында анықталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің субсидия бөлудегі жемқорлық фактілерін азайтудағы ескертулерінің негізінде АШМ 171 ұсыныс әзірлеген. Жиынды соның 15-і қаралды.

Ұсыныстардың ішінде субсидия алатын фермерлердің «қарсы міндеттемелеріне» қатысты ұсыныс қызу талқалынды. АШМ өкілі «субсидиялау» терминінің бірыңғай ұғымын әзірлеп, «кәсіпкерге қарсы міндеттемелерді» енгізу деген ұсынысты атады.

«Уәкілетті органға Бюджет кодексінде «қайтарылмайтын» деген сөзді алып тастау бөлігінде субсидиялау ұғымын түзету жөнінде ұсыныстар жіберілетін болады. Яғни, ауыл шаруашылығын субсидиялау – АӨК субъектілеріне қарсы міндеттемелерді қабылдай отырып, өндірісті дамытуға бағытталған шығындарды өтеу көзделеді. Олар орындалмаған жағдайда қаражат бюджетке қайтарылады», – деп таныстырды ұсынысты АШМ өкілі.

Кәсіпкерлер АШМ ұсынысына қатысты пікір білдірді. «Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының» басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев «фермерлерге қарсы міндеттемелерді енгізу қисынсыз» деп атады.

«Мен Антикор анықтаған бұзушылықтар негізінде фермерлерден қарсы міндеттеме енгізу керек дегенді қисынсыз деп есептеймін. Себебі, барлық бұзушылық - қылмыс. Ал қарсы міндеттемелер – субсидияны пайдаланудың тиімділігі. Маған, мысалы, өсімдік шаруашылығы бойынша қандай да бір субсидияның тиімділігін қалай анықтай алатынымыз түсініксіз. Бұл ретте бұл мәселенің әкімшілік сұрақтары реттелмегенін білеміз», – деді Қайрат Бисетаев.

Отырыста кәсіпкерлер бұдан басқа қордаланған мәселелерді көтерді. Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің барлық ұсынысын есепке алып, жұмыс тобының келесі отырысына шығарады. Оған дейін ұсыныстарды жазбаша түрде салалық қауымдастықтарға жөнелтіледі.

Құрметті кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығындағы субсидияға қатысты ұсыныстарыңыз болса, Ұлттық палатаның Агроөнеркәсіп кешенін дамыту департаментіне хабарласуыңызға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер