Райымбек Баталов Алматы кәсіпкерлерімен ашық кездесу өткізді
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Алматы қаласының кәсіпкерлерімен AlmaU университетінің алаңында кездесті.
Кездесу әңгімелесу форматында өтті. Жиында Райымбек Баталов бизнес-қоғамдастық өкілдеріне Ұлттық палата қызметінде болып жатқан трансформация процесі, мемлекеттік органдар және әкімдіктермен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері және ел Үкіметімен қол жеткізілген өзара іс-қимыл шешімдері туралы ақпарат берді.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Райымбек Баталов:
«Ұлттық палата өзінің басты міндеттерінің бірі – бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау шеңберінде бизнестің үкімет және мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізу әлеуетін одан әрі жеңілдетуге ниетті. Қазіргі кезде біз ҰКП қызметінің трансформациясын жүргізіп, мемлекеттік органдармен бірдей деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін салалық сараптаманы күшейтіп жатырмыз. Ірі және орта бизнестің салалар бойынша жүйелі мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл алаңдары пысықталуда. Бұдан басқа, әрбір әкімдікпен шағын және микробизнестің жұмысын жеңілдету үшін белгілі бір экожүйені енгізуді реттеп жатырмыз. Экожүйе көмегімен кез келген бизнесмен «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекетпен өз проблемаларын тікелей шеше алады». Ел басшылығымен сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау қажеттілігі талқыланды. Осы бағыттағы жұмыс бизнес қызметін жеңілдетіп қана қоймай, жалпы елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуы қажет. «Атамекен» ҰКП нормативтік құжаттарда бекіте отырып, әр саланың және жетекшілік ететін министрліктің ашық негізгі көрсеткіштері болғанын қолдайды. Бұл бизнес, министрліктер мен әкімдіктерге жұмыс барысында қол жеткізілген нәтиже қандай, тағы қай бағытты жетілдіру керегін түсінуге және органдермен бір тілде сөйлеуге көмектеседі».
Кездесу барысында алматылық кәсіпкерлер Ұлттық палата жұмысындағы жаңа тәсілдерді қолдады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер Райымбек Баталов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровқа бизнестегі мәселелерін айтты. Сұрақтар мына бағыттарға қатысты болды:
- жеке білім беру проблемалары, білім беру ұйымдары көрсететін қосымша білім беру қызметтерін ҚҚС-тан босату;
- кейбір мемлекеттік органдарда ұзақ шешім қабылдау және әуре-сарсаңға салу;
- микро және шағын бизнес өкілдерінің біліктілігін дамыту;
- транзиттік тасымалдар мен ел ішіндегі тасымалдар арасындағы уақыт жағынан үлкен айырмашылықтың болуы;
- аудан әкімдіктерінің өкілдері жазғы алаңдардың жұмысына тыйым салуы және HoReCa сегментінің басқа да мәселелері;
- әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және т. б.;
- балаларға арналған спорт секцияларының жұмысы және басқа да көптеген өзекті тақырыптар.
Көтерілген мәселелерді «Атамекен» ҰКП және Алматы әкімдігінің сарапшылары пысықтауға алды. Жүйелі сипаттағы мәселелер шешім табу үшін мемлекеттік органдар деңгейінде көтеріледі.
Тараптар бірлескен жобалар мен форумдар, конференциялар, тренингтер сынды жалпы іс-шараларды ұйымдастыру жолымен кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін тұрақты кездесулер өткізу туралы уағдаласты.
Жұмысты күшейту үшін отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламалар әзірленетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: