Салалық сараптаманың дамуы өңірден бастау алуы керек – Баталов
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Қарағанды облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесті.
Қарағандыда ҰКП Төралқа төрағасының бастамасымен өткен кездесуге Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, өңірлік палата және өңірлік кеңес мүшелері, сонымен қатар жүзге жуық кәсіпкер, өңірлік салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Райымбек Баталов Ұлттық палатаны трансформациялау және бизнесті дамытуға тұжырымдамалық тәсілдерін ұсынды.
«Бізге салалық сараптама, статистика және негізгі көрсеткіштер бизнесмендерге де, мемлекеттік органдарға ортақ болғаны аса маңызды. Сондықтан тікелей орталық аппаратпен әрекет ететін, мемлекеттік органдарға объективті сараптама мен статистиканы құрылымдауға көмектесе алатын өңірлік сарапшылар болуы керек», – деп атап өтті Ұлттық палата басшысы.
Кездесуде өңір кәсіпкерлері шағын және орта бизнесті дамытуда кездесетін жүйелі және шұғыл проблемалар туралы айтты. Сонымен қатар, таңбалау, салық салу, бизнесті субсидиялау, мемлекеттік сатып алу мәселелері көтерілді.
«Мені импорттаушылар үшін аяқ киім міндетті таңбалау мәселесі толғандырады. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік, Министрлік те бізбен келіссөздер жүргізіп, енгізуді келер жылдың сәуіріне дейін шегерді. Кейін неге екені белгісіз, министрлік бізбен байланысқа шығуды доғарды. Бизнесті көлеңкеден шығару қажеттігін түсінеміз. Бірақ осындай жолмен емес», – деді кәсіпкер Гүлнар Сынбинова.
Райымбек Баталов бұл мәселе үкімет деңгейінде, соның ішінде жедел штаб шеңберінде бірнеше рет көтерілгенін айтты.
«Мемлекеттік органдармен нақты талқылауымыз үшін сіз келтірген кейс өте маңызды», – деді Райымбек Баталов.
Сондай-ақ, бизнесмендер мемлекеттік органдардың назарын фармацевтика, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені, білім беру және басқа да салалардағы проблемаларға аударуды сұрады.
«Отандық фарминдустрияның дамуына қауіп төнуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі дженериктер мен биосимилярларды келісімшарттық өндіру кезінде ұзақ мерзімді шарттар жасауға жол беру үшін өзгерістер енгізуді бастамалады. Бұл нормада өңдеу тереңдігі де, өндіріс тереңдігі де анықталмайды. Демек, әлемнің кез келген елінен препараттарды әкеп, оларды қайта қаптап, отандық өнім ретінде сату жеткілікті болмақ. Ұлттық палатадан реттеу саласына белсенді қатысуды сұрағымыз келеді», – деді Қарағанды фармацевтика кешенінің атқарушы директоры Ерікбек Ағатанов.
Сонымен қатар, ол Қарағанды фармацевтика кешеніне қатысты айыппұл санкциялары мәселесін шешіп беруді сұрады. Бұл санкциялар кешенге Ресей тарапынан форс-мажорлық жағдайға байланысты вакциналарды жеткізудегі кідірістер салдарынан салынған.
«Бұл өте өзекті мәселе. Министрлік деңгейінде салалық сарапшылардың қатысуынсыз қабылданатын салалық саясат. Мәселені кәсіпкерлік мүддесіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді дайындау және қабылдауға ықпал етуді күшейтудің негізгі принциптері ретінде тұжырымдамамызға енгіземіз. Бизнестен келіп түскен барлық ұсыныс есепке алынуы тиіс», – деп Райымбек Баталов ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымовқа форс-мажор жағдайында айыппұл салу заңдылығын тексеруді тапсырды.
Облыс кәсіпкерлері Ұлттық палатаның Төралқа төрағасы таныстырған Бизнесті трансформациялау және дамыту тұжырымдамасын қолдады. Әсіресе өңірлік және салалық бағыттар, сондай-ақ ел экономикасын дамытудың негізі ретінде шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың маңызы аталды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: