Ұлттық палатада қант нарығын тұрақтандыру жоспары талқыланды
Бүгін «Атамекен» ҰКП алаңында отандық қант нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы талқыланды.
Жиынға қант зауыттарының басшылары, АШМ, ҰЭМ, ИИДМ, Сауда министрлігі, Қаржы министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
«Осы жыл қаншалықты импортқа тәуелді екенімізді көрсетті. Қант қызылшасын өсіру, қант зауыттарын қолдау керегін түсіндік. Болашақта өз өнімімізбен толық қамтамасыз етпесек те, 50 пайыздық көрсеткішке жету де жетістік болады. Сол себепті қант саласын дамытатын кешенді іс-шаралар жоспары керек. Бұл орайда қант қызылшасын өсіру, сумен қамтамасыз ету, жер ресурстары секілді мәселелер бар. Қант зауыттары да газ енгізу, айналымға қаржы қажеттілігі туралы айтып келеді. Салық жағынан да сұрақтар бар», – деп бастады талқыны Ұлттық палата АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев.
Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева қант қызылшасын өсіру үшін суару жүйесінің мәселесін көтерді.
«Суару жүйесін қайта құруға қатысты Экология министрлігінің өз жоспары бар. Сол жоспарға біздің қажеттіліктеріміз енгізілгенін қалаймыз. Оның ішінде Ақсу, Алакөл, Көксу аудандарында суару жүйесіне қосу керек. Павлодар, Жамбыл облыстарындағы аудандар да бар», – деп сұрады Айжан Наурызғалиева.
Сонымен қатар, қауымдастық басшысы Ақсу қант зауыты және оның айналасындағы территорияны дамыту үшін теміржол салу, газдандыру проблемасын Индустрия министрлігіне бағыттады.
«Ал салыққа қатысты қант зауыттарымен ҚҚС-ға 70 пайыз жеңілдік беруді жалғастыруды талқылап жатырмыз. Бұдан бөлек Ауыл шаруашылығы министрлігі қант зауыттарында электр энергиясына дифференциалды тариф қоюды тек маусымдық жеңілдік ретінде енгізуді ұсынған. Біз мұны маусымдық емес, жыл бойы болғанын қалаймыз», – деп атап өтті Айжан Наурызғалиева.
ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілі Саягүл Өмірзақова электр тарифіне қатысты пікір білдірді. Ол қант зауыты үшін электр тарифына жеңілдік енгізілгенін атап өтті.
«Қазір Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасы аясында осындай тауарлар өндіретіндер бөлек топқа бөлінді. Оның ішінде қант өндірушілер бар. Оларға басқа заңды тұлғаларға қарағанда төмен тариф бекітілді. Онда маусымдық емес, жыл бойы жеңілдетілген тариф қойылған. Сол себепті бұл мәселені іс-шаралар жоспарынан алып тастауға болады», – деп түсіндірді комитет өкілі.
Сондай-ақ, Ақсу қант зауытының өкілі Қайрат Оразбеков сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
«Бүгінде Ақсу зауыты жаңартылды. 450 мың тонна қызылшаны өңдейді. Алматы облысының әкімдігі меморандумға сәйкес, 5 жыл ішінде 380-400 мың тонна қызылша жеткізу керек болатын. Дегенмен пандемия, несиелеу, жабдық проблемаларын ескере отырып, бұл міндеттемелер орындалмады. Енді биыл зауыт қант концентрантымен жұмыс істеуі мүмкін деген мәселе туындап отыр. Себебі 4 жылдан бері салынған су қоймасы қосылмай отыр. Бұл мәселені тезірек шешу керек», – деп дабыл қақты Қайрат Оразбеков.
Бұдан бөлек кәсіпкерлер импортқа қосымша құн салуды қайта қарауды ұсынды.
Мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің мәселелерін ескеріп, әрі қарай өз өкілеттігі шегінде талқылауға келісті.
Айта кетейік, соңғы жылдардағы ел статистикасы мәз емес. Қазақстанға 2021 жылы 4,9 млрд долларға импорт әкелінген. Оның ішінде қанттың үлесі көп. Ресейдің өзінен шамамен 200 млн долларға 380 мың тонна қант импортталды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: