«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ЕЭК Кеңесі кәсіпкерлер мүддесіне қатысты маңызды шешімдерді қабылдады

2022 жылғы 20 Сәуір
4963 просмотров

Өткен аптада Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы өтті. Отырыста Қазақстандық кәсіпкерлер үшін бірқатар қолайлы шешім қабылданды.

ЕАЭО елдері экономикаларының тұрақтылығын арттыру мақсатында мүше мемлекеттер тауарлардың 294 позициясына қатысты жарты жыл мерзімге кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерін нөлге төмендетуді көздейтін Кедендік-тарифтік шаралардың кезекті топтамасын қабылдады. Соның ішінде 15 сәуірде ЕЭК Кеңесі деңгейінде 123 тауар бойынша шешім қабылданды, қалған тауарлар бойынша шешімдер ЕЭК Алқасы деңгейінде қабылданады.

Бұған дейін ЕЭК Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша 17 наурыз және 5 сәуірде тауарлардың 1300 позициясына қатысты кедендік баж мөлшері нөлге теңенлді.

Қазақстан бизнесінің ұсынысы бойынша тауарлардың шамамен 1600 позициясының ішінде 300 тауарға қатысты кедендік баж мөлшерлемесі нөлге тең болды.

Қазақстанның ұсынысы бойынша ЕЭК Кеңесі «QAZAQ AIR» АҚ-қа жөндеу жүргізу, техникалық қызмет көрсету және кері әкелу үшін компания пайдаланатын азаматтық жолаушылар ұшақтарын ЕАЭО кедендік аумағынан тысқары жерлерге кедендік баждар мен салықтарды төлемей-ақ жеңілдікті режимде әкету құқығын берді.

 Қазақстанның ішкі нарығында қант тапшылығын болдырмау мақсатында ЕЭК Кеңесі қантты бажсыз әкелуге квотаны 100 мың тонна көлемінде қосымша ұлғайту туралы шешім қабылдады. Осылайша, ЕЭК Кеңесі 2021 жылғы желтоқсанда ұсынған Қазақстанның қолданыстағы квотасын ескере отырып, Қазақстан үшін 2022 жылғы қыркүйекке дейін 350 мың тонна көлемінде әкелуге квота қолданылатын болады.

 Сонымен қатар ЕЭК Кеңесі Еуразия тізілімдегі тауарларды сараптау актісінің қолданылу мерзімін, сондай-ақ бекітілген тауарлар тізбесіне қатысты 2009 жылғы 20 қарашадағы ТМД шеңберінде тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларына сәйкес тауарлардың шығарылған елін растау мүмкіндігін бір жылға ұзартты.

 ЕЭК Кеңесі «Энергия тұтынатын құрылғылардың энергетикалық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар туралы» ЕАЭО техникалық регламентін енгізу мерзімін 3 жылға шегерді. Техникалық регламент 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

 Бұдан басқа ЕЭК Кеңесі дөңгелекті көлік құралдарына және ауыл шаруашылығы тракторларына қойылатын міндетті талаптарды оңтайландыруды қарастырып жатыр.

 ЕЭК Кеңесі кедендік әкелу баждар төлемдерін  кейінге қалдыру немесе пайызсыз бөліп төлеуді ұсыну үшін жаңа негіздеме туралы шешім қабылдады. Одаққа мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын арттыруға бағытталған шараларды іске асыру мақсатында жүйе құраушы (қала құраушы) кәсіпорындардың тауарларды (акцизделетін тауарларды қоспағанда) ЕАЭО кедендік аумағына әкелуі негіз саналады.

 Соның ішінде ЕЭК Кеңесі ЕАЭО және Индонезия арасында еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөздер бастауды мақұлдады. Шешімнің өзі осы жылдың мамырына мемлекеттер басшылары деңгейінде бекітіледі.

Бұдан бөлек, ЕАЭО мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында еркін сауда аймағын құрудың орындылығын айқындау жөніндегі бірлескен зерттеу тобының жұмысын бастау мақұлданды.

Қабылданған актілермен ЕЭК құқықтық порталында мына сілтеме бойынша танысуға болады:  https://docs.eaeunion.org/ru-ru.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер