Нариман Әбілшайықов Үкімет отырысында ШОБ-ты дамыту тұжырымдамасын баяндады
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мемлекеттік органдармен бірлесе ШОБ дамыту тұжырымдамасын талқылады. ШОК үшін рұқсат беру құжаттары мен реттеуші кедергілерді қысқарту бойынша ұсыныстар және басқа мәселелер құжатқа енгізілді. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының м.а. Нариман Әбілшайықов Үкімет отырысында айтты.
«Біз Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бір жарым жыл бойы «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша бірлескен жұмыс жүргізіп келеміз. Базалық тәсілдер бірлесіп әзірленді. Бұл тәсілдер өткен жылғы 30 желтоқсанда қабылданған жаңа реттеушілік саясат жөніндегі заңда бекітілген. Заңның негізгі мақсаты мемлекеттік реттеу адамдардың өмірі мен денсаулығы, экология, құқық тәртібі мен имандылық үшін тәуекел болған жағдайда ғана орын алуы тиіс», – деп атап өтті Нариман Әбілшайықов.
Ұлттық палата өкілінің айтуынша, кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілінің негізгі новелласы Міндетті талаптар тізілімін енгізу болып саналады. Тізілімде жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана қамтылатын болады.
«2024 жылдан бастап егер талап Тізілімге енгізілмеген болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган тексере және жазалай да алмайды. Егер Тізілімде талап болмаса, онда жазалау да жоқ. ҰЭМ Тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді «Әділет» жүйесінің базасында жүзеге асыратын болады», – деп түсіндірді ол.
Барлық реттеуді қайта қарауға 3 жыл бөлінген. 2024 жылға дейін барлық реттеу толығымен жаңа қағидаттармен қайта жазылады және цифрландырылады.
Бүгінде ҰЭМ ЦДИАӨМ, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен, мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін, атап айтқанда тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру бойынша іс-қимыл жоспары бойынша Жол картасын әзірлеп жатыр.
«2021 жылы талаптарды қайта қарауды ең көп кәсіпкер жұмыс істейтін 5 саладан бастады, олардың жалпы санының 60%-дан астамы (сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру/тұру, көлік). Міндетті талаптарды ревизиялау бойынша қазіргі жұмысты алдын ала есептегенде жалпы алғанда 424 НҚА қаралды, 17 мыңнан астам талап белгіленді, оның 40%-ы базалық шарттарға сәйкес келмейді», – деді Нариман Әбілшайықов.
Палата өкілі бұдан әрі салалар бөлінісінде реттеуші актілерді қайта қарау жұмысы басталатынын жеткізді. Заңнамалық актілерге түзетулер топтамасын қалыптастыру биылғы шілдеге дейін жүргізіледі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірге бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келетінін атап өтті.
«Мемлекет Басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжатқа сәйкес, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беру үшін қажетті институционалдық жағдайлар мен алғышарттар қабылданатын болады. Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға қарай осы салада жұмыс істейтіндердің санын 5 миллион адамға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді», – деді ол.
Үкімет басшысы тұжырымдама 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 40%, Жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20% дейін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Талқылаудан кейін Үкімет мүшелері Шағын және орта кәсіпкерлік тұжырымдамасындағы тәсілдерді қолдап, қабылдады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: