«Атамекен» трансформациясы: бүгінде бизнестен 30-ға жуық жаңа ұсыныс түсті
«Атамекен» ҰКП съезінің қорытындысы бойынша осы жылдың ақпанында бизнестен 254 сұрақ келіп түсті. Қазір 96 мәселе талқыланып, оның 20-сы шешілді. Қалған мәселелер салалық министрліктермен және басқа да уәкілетті органдармен пысықталып жатыр. Бұл туралы Ұлттық палата басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов Үкімет отырысында баяндады.
«Мәселелер 18 түрлі саланы қамтиды. Басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, АӨК, сауда, денсаулық сақтау, қаржы және т.б. салаларға қатысты. Бұдан басқа, қазіргі экономикалық жағдайға байланысты бизнестің жедел мәселелері дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабқа шығарылады», – деп атап өтті Ұлттық палата өкілі.
Сондай-ақ, бизнеспен жұмыс тиімділігін арттыру үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ШОБ-қа назар аудара отырып, қызметін трансформациялауды жалғастырып келеді. Кәсіпкерлер палатасының соңғы съезінде микро және шағын, орта бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға назар аудара отырып, «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға өзгерістер пакетін дайындау туралы шешім шығарылды. Ол үшін Төралқаның салалық комитеттері мен өңірлік кеңестерден, сондай-ақ сарапшылардан 90 өкілден тұратын жұмыс тобы құрылды.
«Жұмыс тобы 42 негізгі мәселені анықтап, 4 блокқа бөлінді. Мәселелерді жинау қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері арасында қандай да бір ұсыныстарды қолдау үшін дауыс берілді. Дауыс беру кезінде жұмыс тобының мүшелері өздері өкілдік ететін өңірлік кеңестер және салалық қауымдастықтарға консультациялар өткізді», – деп түсіндірді Нариман Әбілшайықов.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Палата жұмысының тиімділігін көтеру керегін атап, жұмыс тобының қызметіне сенім білдірді.
«Атамекен» Ұлттық палатасының жұмысын реформалау керек. Шағын және орта бизнестің мәселелеріне көбірек көңіл бөлу керек. Сондықтан жұмыс тобының қызметі нәтижелі болады деп сенеміз. Жалпы Палата жұмысының тиімділігін көтеру керек», – деді премьер-министр.
Айта кетейік, Ұлттық палата трансформациясының басталғанына екі айдан асты. Қазір жұмыс тобының қызметі жалғасып жатыр. Бүгінде палатаға 30-ға жуық жаңа ұсыныс келіп түсті. Сонымен қатар, Палата қызметіне функционалдық талдау жүргізіледі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: