Алматы облысы және Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палаталарының директорлары тағайындалды
«Атамекен» ҰКП басқармасы Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палаталары басшылығына өңірлердегі кеңестер ұсынған кандидатураларын бекітті.
Ұсынылған екі үміткер де басқарма мүшелерінің қызу талқысына түсті.
Дәурен Оңалбаевтың кандидатурасына қатысты Алматы облысы палатасы директорының міндетін үш ай ішінде орындау тиімділігінің төмен көрсеткіштеріне байланысты сұрақтар болды. Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың жеткіліксіз жүргізілуіне назар аударды.
«Кандидат ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Сондай-ақ, Іле ауданындағы ӨКП филиалының директоры Тұралықов осы жобаның түлектерімен өзара іс-қимыл аясында «коммерциялық параға сатып алу» бабы бойынша ұсталып, жауапкершілікке тартылған кезде «Бастау Бизнес» жобасына жетекшілік етті. Ауданмен қарым-қатынас деңгейі айтарлықтай төмендеген», – деп атап өтті Мақсат Қиқымов.
Бұдан бөлек облыстың микроқаржы ұйымдарының жұмысы бойынша ең төмен көрсеткіш байқалған. Онда игеру небәрі 15%-ды құрады, ал республика бойынша орташа көрсеткіш 45%-ға тең, сондай-ақ Палата қызметі туралы халықты хабарландыру жұмысы төмен.
Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова Дәурен Оңалбаевқа сенім артатынын айтты.
«ӨКП жұмысының төмен көрсеткіштері қаңтардағы оқиғаларға байланысты, өйткені Алматы облысы ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі болды. Өңірлік кеңес сынақ мерзімінде барлық көрсеткішті жақсарту үшін біздің кандидатқа жан-жақты қолдау көрсетеді», – деп сендірді Римма Салықова.
Нұр-Сұлтан қаласы өңірлік палатасының директоры лауазымына кандидат Бейсен Жолболдиевке қатысты да сұрақтар туындады. Қаладағы жұмыс тиімділігінің көрсеткіштері айтарлықтай жоғары. Алайда, 2014 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін кандидаттың сотты болғаны анықталды. Қазіргі уақытта кандидаттың соттылығы жойылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салудың бес жылдық мерзімі өтіп кетсе де, мұндай тағайындау «Атамекен» ҰКП беделіне нұқсан келтіреді.
Нұр-Сұлтан кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Болат Омаров Бейсен Жолболдиевтің кандидатурасын бекіткен өңірлік кеңестің ақпараттық алаңда өз кандидатына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайындығын растады.
«Бірақ Төралқа, оның ішінде өңірлік кеңестердің төрағалары ҰКП-дағы басшылық позицияларға бұрынғы шенеуніктерді тағайындауға қарсылық білдіреді емес пе? Бұл принципке қатысты қайшылық жоқ па?», – деді Мақсат Қиқымов.
Нұр-Сұлтан ӨКП Өңірлік кеңесінің төрағасы өңірлік кеңестің бұл жағдайға ерекше жағдай жасауға дайын екенін растады.
Талқылау нәтижелері бойынша екі кандидатты да сынақ мерзімі уақытына өңірлік палаталардың директорлары болып тағайындады. Үш ай өткеннен кейін көрсеткіштер жақсарған жағдайда, олар осы лауазымдарға тағы бір жылға бекітілетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: