«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП және ТУКИБ (TUKIB) өкілдері өзара түсіністік меморандумына қол қойды

2022 жылғы 13 Сәуір
3383 просмотров

Қазақстандық және түркиялық кәсіпкерлердің қарым-қатынасы нығая түседі. «Атамекен» ҰКП мен ТУКИБ түркиялық және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығы арасында өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

Нұр-Сұлтанда Ұлттық палата басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов ТУКИБ мүшелері мен Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджимен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы табысты сауда-экономикалық ынтымақтастықты атап өтті. Нариман Әбілшайықов елімізде қолайлы бизнес орта құру және бизнесті қолдаудағы «Атамекен» ҰКП қызметі туралы хабардар етті.

Түркиялық елші Уфук Экиджи елдер арасындағы сауда мен инвестициялардың жоғары көрсеткіштерін атап, түрік тарапы ҚР Президенті Касым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары аясында Қазақстанның ҰКП мен бизнес делегациясын шақыратынын айтты.

Бұдан әрі ТУКИБ мүшелері қызметінде кездесетін мәселелерді баяндады.

«Қазір көптеген жолдың тендерлік құны бірнеше жыл бұрын есептеліп, шығын материалдары мен жұмыс құны қымбаттады. Ұлттық палата бюджеттен жол салу бойынша тендерлердің құнын қайта есептеу мәселесі бойынша қолдау көрсете алады деп сенемін», – деді Қазақстандағы автожолдар құрылысында қызмет ететін «СП «Сине Мидас Строй» ЖШС директоры Ахмет Будан.

YDA Group аймақтық менеджері Тонер Атаери компания қазір мемлекеттік органдар тарапынан салық салуға қатысты мәселелер барын жеткізді. Түркияның Қазақстандағы елшілігінің сауда кеңесшісі Селчук Октай шетелдік компаниялар мемлекеттік органдар мен министрліктердің қазіргі және әлеуетті инвесторлардың ұсыныстары мен сұраныстарына жауап бермейтініне тап болатынын айтты.

Сонымен қатар, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов бүгінде түрік компаниялары үшін, атап айтқанда сода мен техникалық тұзды қайта өңдеуде әлеуетті жобалар жинақталып жатқанын айтты.

«Ұйым әрқашан түрік және басқа шетелдік компанияларға көмектесуге, сондай-ақ Қазақстанды ЕАЭО-мен жұмыс алаңы ретінде пайдалануға дайын барлық компания үшін қызметтер көрсетуге дайын. Сонымен қатар, Made in Kazakshtan ретінде тауар өндіруді көздеген бірқатар түрік компаниясы өтінім жасады», – деді Аян Еренов.

ТУКИБ бас хатшысы Анзор Гусейнов Ұлттық палатамен 4 жыл бойы табысты ынтымақтастықты атап, айтылған мәселелерді талқылау және барлық қажетті ақпаратты ұсыну үшін жақын арада қосымша кездесулер өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының м.а. Нариман Әбілшайықов әріптесінің сөзін қолдап, мәселелерді талқылауды уәде етті. Сондай-ақ, олардың мәселелеріне түсініктеме берді.

«Бұл мәселелердің бәрін білеміз, бірге шешуге дайынбыз. Жол құрылысына қатысты, салық салу, тендер және сауда проблемаларын алдағы кездесулерде талқылайық. Оған дейін мән-жайын білу маңызды. Көршілес елдерде болып жатқан оқиғаға Ұлттық палата экономикалық тұрғыдан қарайды.  Оның салдарынан зардап шеккен кәсіпкердің мәселесі үкімет басшысының төрағалығымен өтетін дағдарысқа қарсы шұғыл штабта қаралады. Бұл орайда қандай да бір проблемаңыз болса, айтыңыз. Оны да қарастыруға дайынмыз», – деп қорытындылады кездесуді Нариман Әбілшайықов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер