Қытайдан 1300-ге жуық контейнер елге қарай шықты
Былтырдан бері Қытай аумағында тұрып қалған қазақстандық 1300- ге жуық контейнер Қазақстанға келіп, әрі қарай бизнесмендердің келісімшарттық міндеттемелеріне сәйкес басқа елдерге бет алды.
Қазіргі кезде Қытай 45 контейнерді Ляньюньган портынан шығару жөніндегі жоспарға қосты, тағы 96 контейнер Қазақстан шекарасына жол тартты.
«Subaru Kazakhstan» ЖШС контейнерлері Қытай аумағында 5 ай бойы тұрып қалған. Жақын күндері контейнерлер Қазақстанға жетті. Жүктердің кешігуі компания үшін қосымша шығын болды.
«Біздің компаниямыз сапалы бөлшектерді Жапониядан сатып алады. Қытаймен шекарада бөлшектердің тұрып қалуына байланысты қаржылай шығындар өсті. Бұл жайт техниканың бастапқы құнына теріс әсер етеді. Сонымен қатар, біз Subaru-дың ресми дистрибьюторымыз және зауыттан кепілдік береміз. Демек, қосалқы бөлшектерді жеткізудегі кез келген кідіріс клиенттерімізді күтуге, ал бізді олардың алдындағы міндеттемелерімізді бұзуға мәжбүр етеді», – деді «Subaru Kazakhstan» ЖШС директоры Ақылбек Анарбаев.
«Атамекен» ҰКП мамандарының айтуынша, Қытайдан жүк тиелген контейнерлер елге келе жатыр. Ұлттық палата осы тұрып қалған жүктер туралы деректерді 2021-2022 жылдар аралығында салалық ведомстволар мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына хабарлаған.
«Қазір біз оң динамиканы байқап отырмыз. Ұлттық палата 1342 контейнер туралы деректермен тағы бір тізімді жіберді. Сол тізімдегі тұрып қалу мерзімі тым ұзарып кеткен. Шекарада 1-ден 4-ке дейін контейнері бар шағын және орта бизнес субъектілерінің жүктері 6-7 айдан астам уақыт тұрып қалған. Бұл тізім бойынша ілгерілеуді көріп отырмыз», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.
ҰКП 2022 жылы Үкіметпен бірлесіп, контейнерлерді жөнелтуді жеделдету механизмін әзірледі: Палата тұрып қалған контейнерлер туралы деректерді ҚТЖ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Сыртқы істер министрлігіне жібереді. Мемлекеттік органдар Қытай тарапымен қозғалыс жоспарына Қазақстан контейнерлерін енгізу мүмкіндігін нақты пысықтап жатыр.
Бизнесмендерден Қытайда тұрып қалған контейнерлерге қатысты шағымдар 2020 жылдан бастап түсіп жатыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: