Алматы әкімдігі мемлекеттік меншікті жекешелендірмек болған кәсіпкердің мүддесіне нұқсан келтірді – Қайырбек Сүлейменов
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында Алматы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына шағымданған алматылық кәсіпкердің мәселесі қаралды. Әкімдік өкілдері мемлекеттік мүлікті жекешелендіру келісімін бұзып, заңсыз әрекеттер жасаған.
«Парасат» қазақстандық медициналық-косметологиялық институты» ЖШС Алматы әкімдігі әрекетінен екінші рет зардап шекті: үш жыл бұрын әкімдік мемлекеттік мүлік комитеті және «Оқу-клиникалық орталығы» бойынша «Парасат» ЖШС арасында жасалған сенімгерлік басқару туралы келісімшартты одан әрі жекешелендіру арқылы бұзуды талап еткен.
«Демек, біз Алматы әкімдігіне оның коммуналдық меншігінің жөндеу жұмыстары мен қызмет етуіне 0,5 млрд теңгеге «пайызсыз несие» беріп отырмыз. Келісімшартты бұзған кезде «Парасат» ЖШС 393,5 млн теңге көлемінде кепілдік жарнасын салып, оқу-клиникалық орталықтың жөңдеу жұмыстарына 137 млн теңге жұмсады. Соңғы сома әлі күнге дейін қайтарылған жоқ!», – деп мәлімдеді «Парасат» қазақстандық медициналық-косметологиялық институты» ЖШС бас директорының орынбасары Айдар Сағынов.
Осы жолы кәсіпкер Ұлттық палата Кеңесіне жаңа проблемамен жүгінді. Алматы әкімдігінде тағы бір нысан: Алматы теміржол ауруханасы жекешелендірудің шешімдері мен рәсімдерін қайта қарай бастаған. Бұл мәселенің бастауы былай болған: ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы «2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» №1141 қаулысына сәйкес жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына «Алматы темір жол ауруханасы» ЖШС-ға 100% қатысу үлесі енгізілді.
Тендер нәтижесі бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен «Парасат» серіктестігі арасында 2018 жылғы 30 қазанда «Алматы теміржол ауруханасы» ЖШС-ға барлық қатысу үлесін кейіннен сатып алу құқығымен үш жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы келісімшарт жасалды. «Парасат» ЖШС 170,9 млн теңгеге кепілдік жарнаны төлейді және 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін сенімгерлік басқару келісімшартының барлық талабын орындайды. Бұл кәсіпкерге тікелей атаулы сату шартын жасасу арқылы аурухананың жарғылық капиталын сатып алу құқығын берді. Алайда, әкімдік өкілдері аурухананы жекешелендірудің шешімдері мен рәсімдерін қайта қарау туралы шешім қабылдаған.
Осылайша сенімгерлік басқару келісімшарты мерзімінің ақталуы алдында 2021 жылдың тамызында әкімдік сенімгерлік басқаруға берілген мемлекеттік мүлікті тиімді басқару мен пайдалануға мемлекеттік аудитін іске қосты. Ал келісімшарттың мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын мемлекеттік активтерді басқару сенімгерлік басқару келісімшартын бұзу туралы шешім қабылданып, келісімшартты бұзу туралы сотқа талап арыз берілді. Сот басқарманың талап арыздарын заңсыз деп таныды және шартты бұзудан бас тартылды. Осы уақытқа дейін лауазымды тұлғалар аурухана мүлкін атаулы беру туралы сенімгерлік басқару келісімшартының міндетті рәсімдік талаптарын елемеді.
«Бұл әрекеттер заңға қайшы, кәсіпкердің құқығы мен заңды мүддесін тікелей шектеп отыр. Өйткені оған кәсіпкерлік саласында заңмен белгіленген жеңілдіктерді қолдануға заңсыз кедергі жасалды. Соның салдарынан «Парасат» ЖШС-на мүліктік залал келтірілуде. Әкімдіктің лауазымды тұлғалары Алматы қаласының денсаулық сақтау объектілерін жекешелендіру туралы Мемлекеттік мүлік комитеті бұрын жасаған келісімшарттарды реттеу бойынша дәйекті қызмет жүргізеді. Осылайша осы объектілерге өз ықпалын сақтап қалуға нақты ниет білдіре отырып, мүлікті мемлекет иелігінен алу жөніндегі жүргізіліп жатқан саясатқа қатысты бизнестің сеніміне нұқсан келтіреді», – деп мәлімдеді Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.
Кеңес Алматы қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының Үкімет пен Қаржы министрлігінің шешімдері негізінде қабылданған «Алматы темір жол ауруханасы» ЖШС жекешелендіру бойынша мемлекет міндеттемелерін елемеуі мемлекеттік меншікті жекешелендіру бойынша шешімдердің беделін түсіретінін, жекешелендіру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратынын, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретінін атап өтті.
Жекешелендіру саласында кәсіпкерлердің құқығын қалпына келтіру үшін ҚР-дың 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы және Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясының талаптарын негізге ала отырып, Кеңес Алматы қаласының әкімдігіне: «Парасат» қазақстандық медициналық-косметологиялық институты» ЖШС ауруханасының мүлкін атаулы беру бөлігінде мемлекеттік меншікті жекешелендіру жөніндегі заңнама талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді, «Алматы темір жол ауруханасы» ЖШС-ға қатысу үлесінің 100%-ын кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру туралы келісімшарт ережелерінің орындалуын ұйымдастыруды; «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 8-бабына сәйкес Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік активтер басқармасында жекешелендіру рәсімдерін жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізсін және осы бөлімшеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін оқшаулау жөнінде нақты шаралар әзірлеуді; осы нақты жағдайда кәсіпкерлік қызметті шектеуге жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігі туралы мәселені қарауды ұсынды.
ҚР Бас прокуратурасына: Алматы әкімдігі лауазымды тұлғалары іс-әрекеттерінің бұрын кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген «Алматы темір жол ауруханасы» ЖШС-ні тікелей атаулы сату бөлігінде «Мемлекеттік мүлік туралы» заңы 105-бабының талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізу; төмен тұрған прокурорларды Мемлекет басшысы 2022 жылы ақпан айында кәсіпкерлерді қолдау форумында берген нұсқаулар шеңберінде жекешелендіру саласындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, прокурорлық қадағалау шараларын күшейтуге бағыттау ұсынылды.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне: Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік активтер басқармасы лауазымды адамдарының заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті көздейтін ҚР ҚК 365-бабында көзделген қылмыстық теріс қылық белгілерінің болуы туралы әрекеттеріне құқықтық баға беру ұсынылды.
Кеңес отырысының материалдары Президент Әкімшілігіне жіберіледі. Кеңесте ұсынымдарды қарау нәтижелері туралы ақпаратты 2022 жылғы 1 мамырға дейін күтеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: