«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сүт және май өндірушілер Мәжіліс пен үкіметтен отандық өнімді қолдауды сұрайды – «Атамекен»

2022 жылғы 05 Сәуір
3963 просмотров

Соңғы жылдары елімізде сүт және май өнімдерінің импорты артып келеді. Көрші мемлекеттердегі геосаяси жағдайдың салдарынан шикізат қымбаттап, өңдеу бағасы 30% артты. Отандық өндірушілердің өнімін дүкен сөрелеріне қою қиындап кетті.

Мұндай уәжді бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстанның сүт және май-тоңмай салалық одақтарының өкілдері талқылады. Олар отандық өндірісті импорттан «қорғау», тұтынушыларды көбейту, сондай-ақ осы шараларды үкімет және Парламентпен заңнамалық деңгейде реттеуді сұрап отыр.

«Қазақстан сүт одағының» атқарушы директоры Владимир Кожевников қазір отандық сүт өндірушілер тек шикізаттың қымбаттауынан ғана емес, сондай-ақ шығарылған өнімді дүкен сөрелеріне жеткізуде мәселелер барын айтты.

«Қазір Украина мен Ресейдің арасындағы ахуалдан біздің саладағы жағдай да мәз емес. Шағын шаруашылықтағы сүттің өзіндік бағасы 65%, ірі шаруашылықтарда 20% дейін артты. Одан өңдеу құны 30% өсті. Салдарынан орта шаруалардың өндірісі 17%, шағын қожалықтарда 33% төмендеді... Бізге сауда желілеріне кіру қиын. Салыстырып қарайық. Белорусьте президент дүкендегі сөренің 80% отандық өнім болу керек деген жарлық бар. Ереже бұзылса, сауда желілері жауапкершілікке тартылады. Бізге де сондай жүйе керек», – деді Владимир Кожевников.

Бұл орайда Ұлттық палата өкілі Ербол Есенеев ішкі нарықтың статистикасы нашарлағанын атап өтті. Оның айтуынша, азық-түлік импорты 4,9 миллиард долларды құрайды. Маман ішкі нарықты қазір қолдамасақ, жағдай қиындап кететінін жеткізді. Сондай-ақ, ол әрбір қазақстандық дүкеннен алдымен отандық өнімді іздеу керегін тілге тиек етті.

«Қазір біз азық-түлік нарығын басқа елдерге беріп отырмыз. 1,5 жылда азық-түлік импорты миллиардқа артты. Сондықтан қазір азық-түлік тапшылығының алдын алуымыз керек. Шенеуніктер өз өндірушімізге берген әр теңге тұрақтылық пен жұмыс орнын ашатынын түсінуі керек. Олар кем дегенде халықты тауармен қамтамасыз етіп отырады», – деді Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Сонымен қатар, «Қазақстанның май-тоңмай одағы» қауымдастығының президенті Константин Невзоров елімізде былтыр 2,5 мың кәсіпорын 2,2 трлн теңгенің өнімін шығарғанын мәлімдеді.  Ал тұтыну көлемі 3,3 трлн теңгені құрайды. Оның айтуынша, бұған сауда желілері арқылы сату процесі кедергі келтіріп отыр. Олар отандық өнімді сату көлемін арттыруға мүмкіндік бермейді. Сол себепті сала мамандары мәселені шешу үшін бірқатар шара ұсынып отыр.

«Бүгін үш салалық қауымдастық (сүт, май, қант өндірушілер – авт.) ортақ ұстанымға келді. Отандық өндірушілерді қолдау және өнім көлемін арттыруға қатысты сараптама жасап, мына шараларды ұсынды. Атап айтқанда, жергілікті компаниялар үшін бөлшек саудада басым жағдайлар жасау, сауда желілерін тарту, отандық азық-түлікті насихаттауды қолдау, сондай-ақ сатып алушыларға тамақ өнімдерінің артықшылығын түсіндіру ұсынылды», – деді Константин Невзоров.

Кәсіпкерлердің ұсынысын Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қайнар Абасов тыңдап, мәселелерді заңнамалық деңгейде реттеуді қарастыратынын атап өтті.

«Бүгін аталған проблемалар түсінікті. Сондықтан мәселенің бәрін жүйелеп, ұсынсаңыздар. Біз депутаттармен жұмыс тобында талқылап, қарастырамыз», – деп уәде етті депутат Қайнар Абасов.

Отандық өндірісті импорттан «қорғау» бір күнде шешілетін мәселе емес. Сол себепті тараптар алдағы уақытта жұмыс тобында талқылайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер