«Атамекен» трансформациясы: Өңірлік кеңес өкілдері бірқатар ұсыныс айтты
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Өңірлік кеңес мүшелерімен онлайн кездесті. Аймақтағы кәсіпкерлер бірқатар мәселені көтерді. Оның қатарында мүшелік жарнаны қабылдау, аудандық филиалдардың жұмысы, қызметкерлердің жалақасы, «Бастау Бизнес» жобасы, кәсіпкер әйелдердің қызметі талқыланды. СT KZ сертификатының берілу тәртібі де қозғалды.
«Біз шағын және микро бизнеспен жұмысты жандандыру үшін ұсыныстар әзірлеп, әкімдіктермен нақты шаралар негізінде кездесуіміз керек... Бұдан бөлек жиналып қалған бірқатар мәселе бар. Соларды талқылайық. Өңірлік кеңестермен онлайн кездескен жақсы, дегенмен алдағы уақытта айына бір рет офлайн кездесуді ұсынамын», – деп бастады Райымбек Баталов кездесуді.
Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Римма Салықова Ұлттық палатаның аудандардағы өкілдеріне қатысты мәселені қозғады.
«Өңірдегі кеңестер қалуы керек деп есептейміз. Аудандағылар да солай. Бұрын аудандар өзінің өкілін өңірлік кеңеске ұсынатын. Тек филиалдар барлық ауданда жоқ. Ал аудандардың арасы алыс. Сондықтан барлық ауданда болғанын қалаймыз», – деп ұсынды Римма Салықова.
Павлодар облысы өңірлік кеңесінің төрағасы Қоблан Бекқожин әріптесінің аудандағы филиалдарды қалдыру керек деген пікірімен келісті. Сондай-ақ, ШҚО өңірлік кеңес төрағасы Әсемхан Досқожанов мүшелік жарнаға қатысты пікір білдірді. Айта кетейік, кейбір кәсіпкер бұған дейін мүшелік жарнаны қауымдастықтарға төлейік деген ұсыныс білдірген болатын.
«Кәсіпкерлер мүшелік жарнаны Палатаға төлейміз бе, қауымдастықтарға төлейміз бе деп шатасады. Қай қауымдастыққа береміз деген сұрақ көбейеді. Сондықтан мүшелік жарнаны қабылдау «Атамекенде» қалу керек деп есептейміз. Оның үстіне, барлық өңірде қауымдастықтар жақсы жұмыс істейді деп айта алмаймыз», – деді Әсемхан Досқожанов.
Бұл орайда Райымбек Баталов мүшелік жарнаға қатысты көпшілік «Атамекенде» қалсын деп есептейтінін атап өтті. Сонымен қатар, ешқандай филиал жабылмайтынын ескертті.
Павлодар облысы өңірлік кеңесінің төрағасы Сәуле Салықова Кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрағасы «Атамекеннің» Төралқа мүшесі болуы керек деген ұсыныс айтты. Түркістан облысы Өңірлік кеңес мүшесі Талғат Ысқақов аймақтарда жұмыс жасайтын өндіріске СТ KZ сертификаты орталықтан емес, аймақтан берілсе деген өтінішін жеткізді. Оның айтуынша, «себебі бұл ұзақ уақыт алып, кәсіпкердің жұмысын тежейді».
Алматы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын ұсынды. Бұл бес бөлімнен: идея, өнім, фабрика құрылысы, Қазақстан территориясында тарату, экспорттан тұрады. Оның айтуынша, кәсіпкерге осы айтылған бес кезеңде өзінше қолдау керек. Микро және шағын бизнеске оқу, өндіріс орнына салық уақытын қысқарту, бухгалтерлік есепті жеңілдету, ал экспортқа шығатын кәсіпорынға потенциалын арттыруда көмек көрсетуге болады. Сондай-ақ, ол әкімдік, салық органдары, басқа да мемлекеттік органдармен өзара байланысты нығайту керегін атап өтті.
Жиын соңында Райымбек Баталов барлық ұсыныс назарға алынатынын айтып, «Бастау Бизнес» жобасына қатысты өзгерісті мүдделі министрлік, яғни Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шешім шығаратынын жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: