«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Фармацевтика өкілдері дәрі-дәрмек бағасын индекстеуді сұрайды – «Атамекен» ҰКП

2022 жылғы 13 Наурыз
3236 просмотров

Фармацевтика қауымдастығы елдегі ақша бағамының көтерілуі және логистикалық проблемалардың салдарынан медициналық препараттардың өзіндік құны өскенін мәлімдеді. Отандық фармацевтика өндірушілері де шикізаттың қымбаттағанын айтты. Бұл мәліметтер Ұлттық палатаға дағдарысқа қарсы жедел штабтың жұмысы аясында келіп түсті.

Қазақстанда дәрі-дәрмекке баға белгіленіп, жарты жылда бір рет бекітіледі. Бұл проблема «Атамекен» ҰКП алаңында бірнеше рет көтерілген. Шикізаттың қымбаттауы, логистика проблемалары, ақша бағамының құбылуы медициналық препараттардың өндірісі мен тасымалын тиімсіз етеді.

 «Дәрі-дәрмек жеткізетін логистикалық тізбектің үзілуі және оның қымбаттауы бірқатар проблема туғызып отыр. Тауарды сақтау және тасымалдау талаптарының жоғары болуымен мәселе қиындай түседі. Яғни, дәрілердің өзіндік құны көтеріліп жатыр. Препараттарды өндіру де, импорттау да тиімсіз», – деді «Атамекен» ҰКП Медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдархаманова.

             Дәрі-дәрмек мәселесі мемлекеттік сатып алу шеңберінде де қиындай түскен. «СҚ-Фармация» ЖШС-мен жасалған келісімшарттар бойынша жеткізушілерге төлем тауар нақты жеткізілгеннен кейін 3-5 айдан кейін беріледі.

             «Қазір дәрі-дәрмектің отандық өндірісі мен импорты тоқтамағаны маңызды.  Тапшылық болмауы үшін нарықты барлық қажетті препаратпен қамтамасыз ету – басты назарда.  Ақша бағамының көтерілуін ескере отырып, дәрі-дәрмектердің шекті бағаларын индекстеу керек. Сонда салаға үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі», – деп атап өтті Назгүл Қабдрахманова.

            Бұл жағдайды түзеу үшін Ұлттық палата мамандары шекті бағаларды және «СҚ-Фармациямен» жасалған келісімшарттар аясында бағаларды индекстеуді ұсынды. Сондай-ақ, ұсыныстар қатарында жеткізушілерге медициналық заттарды нақты жеткізгені үшін ақы төлеуді қамтамасыз ету және келісімшарт сомасының 50% мөлшерінде алдағы жеткізілімдер үшін аванс беру мәселесін қарау бар.

             «Қазір фармацевтикалық нарық субъектілеріне айналымға жіберетін қаражат керек. Препараттардың сөреде болғаны қаншалық маңызды екенін бәріміз білеміз. Пандемия кезінде нарықты шұғыл толтырдық. Мұндай тәжірибе бар. Тура сондай шаралар қазір де керек», – деді Назгүл Қабдрахманова.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін үкімет жанындағы дағдарысқа қарсы жедел штабта көтерді. Алдағы отырыстарда тағы талқыланады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер